Ешқайсысында кері әсер болған жоқ: алматылық 226 мыңнан астам тұрғын екпе алды

Ешқайсысында кері әсер болған жоқ: алматылық 226 мыңнан астам тұрғын екпе алды
Қазіргі таңда Алматыда 211 екпе егу нүктесі бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы елімізде вакцинациялау бойынша көш бастап тұр. Осы уақытқа дейін шаһарда 226 мың 258 адам екпе алған. Демек, тұрғындар вакцинаның індетпен күресте ең тиімді тәсіл екенін түсінеді дейді мамандар. Мегаполистегі екпе егу пунктеріндегі жұмыс қалай жүріп жатыр? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы біліп қайтты.

Ерғали Рысқұлбеков 74 жаста. Өзінің жасына қарамастан, отандық екпе салдыруға бел буған. Ақсақалдың айтуынша, денсаулығында ешқандай ақау жоқ. Сондықтан өзін және балаларын қауіпті індеттен сақтау үшін бүгін арнайы келіпті.  

«Вакцинаны бала-шағамның амандығы үшін алдым. Осы вакцинаны барлықтарыңызға алуға кеңес беремін, алғандарыңыз дұрыс деп ойлаймын. Өзімді жақсы сезініп тұрмын, сол бұрынғы қалпы. Жасым келсе де, денсаулық үшін салдырдым», – деді қала тұрғыны Ерғали Рысқұлбеков.

Қазіргі таңда Алматыда 211 екпе егу нүктесі бар. Соның бірі «Жетісу-Семиречье» базарында бір ай бұрын ашылған. Дәрігерлердің айтуынша, осы уақытқа дейін 300 адамға вакцина салыныпты. Бәрінің денсаулығы жіті бақылауда.

«Екпе салған адамдардың ешқайсысында кері әсер болған жоқ. Біз әр науқаспен күнде хабарласып, жағдайын білеміз. Бұл ұжымдық иммунитет, біріншіден. Сондықтан барлық адамдарды вакцина алуға шақырамын», – деді «Жетісу-Семиречье» екпе пунктінің дәрігері Жазира Жүрсінбекова.

Иә, тұрғындар саналы түрде жаппай вакцина салғанда ғана аты жаман аурудан құтыламыз дейді. Осы уақытқа дейін екпе алғандар арасында ешқандай кері әсер байқалмаған.

«Қайда барсақ та біздің ағзада антидене дейді ғой, сол  пайда болады. Ешқандай вирус бізге жұқпайды деп ойлаймыз. Мен енді өзім ойлаймын, бүкіл қазақстандықтар, бәріміз, алматылықтар осындай індетті тек қана вакцина алып қана құртуға болады», – деді қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі  Нұрлан Жазылбеков.

Айта кетейін, өткен тәулікте Алматыда 3 мың 504 адам коронавирусқа қарсы вакцина алған. Ал 25 сәуірден бері отандық QazVaс вакцинасын 2 мың 484 адам салдырған.

Жанар Ғаниқызы

Новости партнеров