|
11.06.2021 | 20:37
817

Өзгеге зияным тимеу үшін вакцина алуға бел будым — Ринат Зайытов

Алматыда коронавирус вакцинасын алған тұрғындардың саны 330 мыңға жуықтады

Өзгеге зияным тимеу үшін вакцина алуға бел будым  —  Ринат Зайытов Almaty.tv

Алматыда коронавирус вакцинасын алған тұрғындардың саны 330 мыңға жуықтады. Мегаполис елімізде екпе салдыру бойынша бірінші орында тұр. Ал, соңғы бір тәулікте ғана 4 жарым мыңнан аса алматылық COVID-19 препаратын ектірген. Олардың қатарын өнер иелері, мәдениет қайраткерлері мен спортшылар да толықтырып келеді. Отандастарды екпе алуға шақырған мәдениет өкілдері мен Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай тілдесіп келді. 

Елімізге белгілі скрипкашы Жәмилә Серкебаева індеттің діттеген кезінде ата-анасымен бірге ауырып шығыпты. Өнер иесінің айтуынша, жақындарында әлі де демігу, жүректің әлсіздігі секілді ауру белгілері қалған. Тағы да қайталануы мүмкін мұндай жағдайдың алдын-алу үшін ол алғашқылардың бірі болып ресейлік «Спутник V» вакцинасын салдырыпты.

«Бұл мәселемен бетпе-бет келгенде, яғни жақындарың ауырып, өзің де мұндай сұмдықты басыңнан өткергенде осы әлемді бағалай бастайсың. Өмір сүргің келеді. Бұл бар адамзаттың басынан өткен. Мұның барлығы менің вакцина алуыма ықпал етті. Әрине, өзгелерді күштегім келмейді. Дегенмен, бұл кеселді жұқтырып, қиындығын көргендер бірден барып екпе салдырады деп ойлаймын», – деді скрипкашы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жәмилә Серкебаева.

Еліміздің еңбек ері Асанәлі Әшімов екпенің екі компонентін алған. Әлемді әбігерге салған кеселден тек вакцина алу арқылы құтылатынымызға кәміл сенемін дейді.

«Жасымыз 85-ке келсе де, бізге де салды. Одан артық не дейсің? Жақында жасы 100-ге келген әйелге де салды. Сондықтан менің ойымша пайдасынан басқа зияны жоқ деп», – деді КСРО Халық әртісі, Қазақстанның еңбек ері Асанәлі Әшімов.

Бұған қоса көрерменмен жәйбарақат кезде қайта қауышуды аңсаған әнші-актерлер де вакцина алды. Олар үнемі халықтың ортасында жүретіндіктен коронавирусқа қарсы иммунитет қаллыптастыру қажет деп санайды.

«Өзімді, өзгеге зияным тимеу үшін осындай шешімге бардым. Оңай келген жоқ ол шешім. Келешекте біз шет елдерге іс-сапармен шығатын болсақ, онда да кедергі болатыны баяндалды. Сол себептен вакцина алдық», – деді ақын Ринат Зайытов.

«Әлемнің кез-келген додаларына, сайыстарына қатысып жүргеннен кейін өзімізге оны міндетті деп білеміз. Өзіміздің, ата-анамыздың денсаулығын ойлап, вакцина салдырдық», – деді домбырашы Темірлан Олжабай.

«Адамның басына түспегеннен кейін салдырғысы келмейді. Өз басым ауырған жоқпын. Қазір ауырмаған адамдар ауыруы мүмкін жаңадан. Соның барлығын зерттей келе  осындай шешімге келдім», – деді әнші, актер Ерден Жақсыбеков.

Ал, әлемдік ареналарда еліміздің намысын қорғап жүрген «Қайрат» футбол командасының ойыншылары вакцина пандемиядан шығатын бірден-бір жолы екенін алға тартады.

«Жалпы пандемиямен күресте вакцина керек екен. Мысалы, біз, футболистер үшін ол өте керек препарат деп есептеймін. Өйткені біз әлемдік ареналарда ойнағандықтан вакцина алған жөн», – деді «Қайрат» футбол командасының ойыншысы Данияр Үсенов.

Еске салсам, қала тұрғындары 208 егу пунктінің кез келгенінде екпе салдыра алады. Олар емханаларда, сауда орталықтарында, базарларда, мектептерде, мәдениет нысандарында орналасқан. Күнделікті, демалыссыз сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.

Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир