Коронавирустың таралуын тоқтатып, оның түрленуін болдырмау үшін вакцинаны жаппай әрі жылдам салу керек. Осылай деген иммунолог дәрігерлер алматылықтарды екпе алуға шақырды. Соңғы тәуліктің өзінде вакцинаны 7 мыңнан астам адам салғызыпты. Бұл қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының берген мәліметі. Осы күнге дейін екпені 60 жастан асқан 97 мың 704 адам алған екен. Жалпы мегаполисте вакциналау қарқыны қандай? Almaty.tv тілшісі жалғастырады.
Ольга Маркинаның мына ерлерге арналған шаштаразда қызмет етіп жүргеніне 2 жылдай болыпты. Қалаға вакцина жеткізіле салысымен, оның туған-туыстарының бәрі екпе салғызған екен. Өзінің, шаш қиюға келетіндердің қауіпсіздігін ойлай, өзі де вакцина алуды ұйғарған. Өйткені мамыражай тірліктің салтанат құрғанын қалаймын дейді.
«Мен вакцинаның бірінші компонентін алдым. Енді алдағы айдың 2-сі күні екіншісін салғызамын. Көпшілікпен жұмыс істегеннен кейін бірінші кезекте өз денсаулығым үшін, жақындарымның денсаулығы үшін алаңдаймын. Жалпы бәрін екпе алуға шақырамын. Қалыпты өмір салтына қайта оралғым келеді», – деді шаштараз Ольга Маркина.
Қазір қаланың инфекциялық стационарларында 4 мыңнан астам адам ем қабылдап жатыр. Оның 215-сі бала. Ал, соңғы тәулікте коронавирус індетін 1680 адам жұқтырыпты. Ауру ушығып тұрған дәл қазіргі уақытта дәрігерлер вакцина алудың ауадай қажет екендігін айтады. Ұжымдық иммунитет қалыптаспайынша, бұл дерттен құтылу мүмкін еместігін ескертеді.
«Вакциналау науқанының маңыздылығы – ол жаппай салынуы керек әрі өте жылдам жасалуы қажет. Бұл – вирустың таралуын тоқтатып, оның түрленуін болдырмауға ықпал етеді. Егу неғұрлым тез жүргізілген сайын, оның тиімділігі де соғұрлым жоғары болады. Сол үшін де вакциналау науқанының мәнін әрбіріміз терең түсіне білуіміз керек», – деді №12 қалалық емхананың дәрігері Светлана Постнова.
«Қазіргі таңда коронавирус ауруы бізде күннен күнге өсіп жатыр. Сондықтан әр азамат екпе алуға міндетті. Ең бастысы, ол өзін, айналадағы адамдарды, отбасын қорғайды», – деді №12 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Динара Мейірбек.
Алматыда екпе алу қарқынды жүруде. Вакциналау науқаны басталғалы бері қала бойынша 705 мың 493 адам екпенің бірінші компонентін алған. Екпе салғызғандар жұртшылықты вакцина алуға шақырады.
«1 шілдеде бірінші вакцинаны алдым. Салған кезде қорықтым. Бірақ біраз ұйқым келді. Одан басқа шағым жоқ. Енді, міне, балаларға екінші рет келіп отырмын», – деді қала тұрғыны Райхат Құсайынова.
«Мен осы емханадан келіп екпе алғанмын. «Спутник V» екі компонентін де алдым. Өзімді жақсы сезінемін. Қазақстандықтарды екпе алуға шақырамын», – деді қала тұрғыны Арайлым Жәнібек.
Қаланың медициналық ұйымдарында, мектептер мен мәдениет нысандарында, базарлар мен сауда ойын сауық орталықтарында бүгінде 158 вакциналау пункті жұмыс істеп тұр. Оған 1 038 медицина қызметкерлері жұмылдырылған.
Сая Меңдеке, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы