|
18.06.2021 | 19:51
5126

Вакцина салдырған 62 жастағы алматылық тұрғын iPhone12 ұтып алды

Кездейсоқ таңдалған жеңімпаздарға бірқатар сыйлық табысталды

Вакцина салдырған 62 жастағы алматылық тұрғын iPhone12 ұтып алды Almaty.tv

Бүгін қаланың кезекті екпе пунктінде «Вакцина сал, сыйлық ұтып ал!» акциясының нәтижесі белгілі болды. Бас жүлде − iPhone12 смартфоны болған ұтысқа дәл осы орталықта екпе алған тұрғындар қатысқан. Бүгінгі ойында жеңімпаз атанғандар көп пе? Басты сыйлықтың иегері болған кім?  Almaty.tv тілшісі Мадина Оқас айтып береді. 

Алмалы ауданына қарасты сауда ойын-сауық орталығына күніне 50 шақты азамат екпе алуға келеді. Солардың ішінде ерікті түрде ұтысқа қатысқандар бүгін ойынның нәтижесін білді. Кездейсоқ таңдалған жеңімпаздарға бірқатар сыйлық тағайындалған. Ал бас жүлде бағалы смартфонның иегері 62 жасар қала тұрғыны болды.

«Мамырда бірінші ұтыс ойынын өткіздік. 7 маусымнан бастап екіншісін өткізіп жатырмыз, бас жүлде − iPhone12 телефоны», − деді көпсалалы кешеннің бас директоры Жұмабек Артығалиев.

Акция нәтижесін жариялаумен қатар, медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесін де ескерген ұйымдастырушылар мұндағы мамандарды назардан тыс қалдырған жоқ. Орталықтағы вакцина пунктінде жұмыс істеген қызметкерлерге алғыс айтылып, кішігірім сыйлықтар табыс етілді.

«Бүгін сауда орталықтың әкімшілігі төл мерекемізбен құттықтап, сый-сыяпаттарын беріп жатыр. Үлкен алғысымызды айтамыз!» − деді №30 қалалық емхананың дәрігері Алтынай Кенжеханқызы.

Жалпы, қала бойынша ұйымдастырылған мұндай акция екпе алуға ниетті алматылықтардың қатарын көбейтуге бағытталған. Әлемді әбігерге салған індетті жоюдың жалғыз жолы-вакцина алу екенін тұрғындар түсінсе деген ниет. Сондай-ақ, мамандар кімдерге вакцина салынбайтынын да атап өтті.

«18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, онкологиялық ауруы бар және дәл қазір химиотерапия алып жүрген адамдарға салынбайды. Одан кейін коронавируспен ауырғандар 6 айдан кейін келіп вакцина алады», − деді №5 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Гүлзат Байзақова.

Айта кетейік, бүгінде Алматыда коронавирус екпесін алғандар саны 370 мыңға жуықтады. Жалпы қалада 211 вакцина егу пункті жұмыс істеп тұр.

Мадина Оқас, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир