|
15.09.2022 | 14:20
1709

Президент еліміздің 2027 жылы хоккейден әлем чемпионатын өткізуге дайын екенін айтты

Тоқаев Халықаралық хоккей федерациясы өз тарихында Азия құрлығында ешқашан жоғары деңгейдегі чемпионаттар өткізбегенін атап өтті

Президент еліміздің 2027 жылы хоккейден әлем чемпионатын өткізуге дайын екенін айтты akorda.kz

Мемлекет басшысы Халықаралық хоккей федерациясының президенті Люк Тардифті қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Кездесуде хоккей спортын дамытудың және кеңінен танытудың перспективалары, сондай-ақ елімізде ірі халықаралық турнирлер өткізу мәселесі талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Люк Тардифке Қазақстан хоккейінің жетістіктері, отандық спортты дамыту үшін қабылданып жатқан шаралар мен спорт инфрақұрылымының мүмкіндіктері туралы айтты.

Мемлекет басшысы елімізде хоккей спортына қызығушылық артып келе жатқанын, балалар мен жасөспірімдерге арналған хоккей мектептері мен жастар командаларының саны көбейгенін атап өтті. Бүгінде спорттың осы түрімен 14 мыңнан аса адам шұғылданады.

Кездесу барысында спорт инфрақұрылымдарының мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Осы ретте Президент еліміздің 2027 жылы әлем чемпионатын өткізуге жолдаған өтінімі 2023 жылы мамырдағы дауыс беру кезінде қолдау тапса, Қазақстанның осы шараны ұйымдастыруға дайын екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық хоккей федерациясы өз тарихында Азия құрлығында ешқашан жоғары деңгейдегі чемпионаттар өткізбегенін атап өтті.

Халықаралық хоккей федерациясының президенті кездесуге мүмкіндік бергені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Қазақстанда хоккей спортын дамытуға көңіл бөлініп жатқанын жоғары бағалады. Сондай-ақ еліміз халықаралық жарыстарды өте жоғары деңгейде өткізуге қажет барлық инфрақұрылымға ие екенін жеткізді.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир