|
09.07.2021 | 21:55
4503

"Дельта" штаммы: Алматыда вакцина алғысы келетіндер көбейді

Республикада вакцина салдырған тұрғындардың саны бойынша Алматы қаласы бірінші орында тұр

Елімізде 2 милллион 336 мыңнан аса адам толық вакциналаудан өтті. Ал, коронавирус вакцинасын алғашқы компонентін 4 миллион 134 мыңнан аса қазақстандық салдырған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Республикада вакцина салдырған тұрғындардың саны бойынша Алматы қаласы бірінші орында тұр. Қалада 560 мыңға жуық азамат екпе алған.

Қоғамдағы өз әлеуметтік жауапкершілігін сезініп,  жақындарын вирустан арашалау үшін вакцина салдырып жатқан тұрғындар да көбейіп келеді. Қалада өткен тәуліктің өзінде 9839 адам иммундау шарасынан өткен. Ол үшін мегаполисте 212 пункт таңғы 08.00-ден кешкі 20.00-ге дейін демалыссыз жұмыс істеп жатыр.

«150 адам алып жатса, қазір 300-350 адамға дейін келіп алып жатыр. Штаммның шыққанына байланысты адамдар өзінің денсаулығына қауіптілігін ойлап келіп жатқан сияқты», – деді №23 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Жұпар Дүйсебаева.

Балжан Аршабекова Наурызбай ауданындағы «Бақытты отбасы» орталығына қарасты «Ана тілегі» қоғамдық қорында жұмыс істейді. Күнделікті жағдайы төмен  5-6 отбасының үйін аралап,  жағдайын біліп, қандай көмек керек екенін сұраумен айналысады. 3 баланы тәрбиелеп отырған ана балаларын індеттен сақтау үшін екпе алыпты.

«Мен көпбалалы аналар және осындай мүгедек баласы бар аналардың үйін аралаймын. Жағдайын көремін. Сондықтан маған вакцинация алуға тура келді. Балаларымды және өзімді қорғау үшін вакцина алдым», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Балжан Аршабекова.

Отандық мамандардың пікірінше, әрбір көзі ашық, білімді адам вакцинаны ойланбастан салдырады. Себебі індетке қарсы екпе алған адамның коронавирусқа қарсы күресу қабілетіне иммунитеті жоғары болады. Індетті адам ағзасы өздігінен жеңген күннің өзінде, постковидтік синдроммен күресуге шамасы жетпеуі мүмкін дейді дәрігерлер.

«40 жылдық тәжірибесі бар маман ретінде айтарым – вакциналау індеттен құтылудың жалғыз жолы. Қазір, тіпті ,коронавируспен ауырып шыққан адамдарға да қауіп төніп тұр. Адамның иммунитеті бұл инфекциямен толыққанды күресуге қауқарсыз. Ал, емделіп шыққанның өзінде ағзаның қайта қалпына кетуіне 6-8 ай кетуі мүмкін», – деді иммунолог, медицина ғылымдарының докторы Салтанат Қалимолдаева.

Айта кетейік, COVID-19-ға қарсы вакцина алу үшін тек жеке куәлік қажет. Екпе алмас бұрын адамның қызуы, жүрек қағысы, қан қысысы өлшеніп, терапевт-дәрігердің тексеруінен өтеді.

Сымбат Ноғай, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир