|
07.06.2021 | 23:59
4093

Алматыда жаппай вакциналаудың арқасында 21 пайыздық ұжымдық иммунитет қалыптасты

Шаһардың бас санитарлық дәрігері осындай ақпарат айтты

Алматыда жаппай вакциналаудың арқасында 21 пайыздық ұжымдық иммунитет қалыптасты almaty.tv

Алматыда жаппай вакциналаудың арқасында 21 пайыздық ұжымдық иммунитет қалыптасты. Шаһардың бас санитарлық дәрігері осындай ақпарат айтты. Ал, жалпы бүгінде вакцина алған алматылықтар саны 316 мыңнан асып кетті. Шаһардағы екпе егу пунктерінің жай-күйімен Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы танысып қайтқан еді.

№5 қалалық емханасы күніне коронавирус екпесін алуға ниетті 50 адамды қабылдайды. Мұнда вакцинаның үш түрі қолжетімді. Барлығы талап етілетін температураға сай сақталады. Келушілерге еркін таңдау құқығы берілген. Ал, бүгін вакцина алған алматылықтар өздерінінің әсерімен бөлісті.

«Таңдау өзіміздің еркімізге берілгендіктен, мен өзіміздің елімізде өндіріп жатқан Казвакты таңдадым. Бүгін бірінші компонентті алдым. Ауырсыну, нашар сезіну болып тұрған жоқ. Қазір 20 минут өтті. Қазір елімізде болып жатқан індет тезірек кетіп, жақындарымызды жоғалтпас үшін мен барлық қазақстандықтарды шақырамын вакцина алуға», – деді  қала тұрғыны Айман Жұманова.

«Осы індеттен шығудың жалғыз жолы – осы вакцинаны алу. Мен бала-шағамды, үйдегі отбасымды қорғау үшін осы вакцина алуға шештім. Айтарым, ешқандай қорықпаңыздар, осы вакцинаны алыңыздар», – деді қала тұрғыны Айжан Мыңбаева.

«Бірінші толқында мүлдем вакцина болған жоқ. Біз барлығымыз қорықтық, үйде отырдық. Егер де вакцина болғанда сол кезде барлығымыз салдырар едік. Қазір енді вакцина бар.  Бүгін өзім келдім, ертең ата-анамды алып келемін», – деді қала тұрғыны Индира Сауранқызы.

Бүгінде Алматы қаласында 211 екпе егу пункті жұмыс істейді, екі жүз елу жеті медицина қызметкері жұмылдырылған. Ал дәрігерлер әр адамға көңіл бөліп, жағдайын жіті бақылауда ұстаймыз дейді.

«Біз ол кісілерге қолдарына памятка береміз. Памяткада дәрігердің телефоны жазулы болады. Ол 24 сағат бойы қосулы тұрады. Біз ол кісіге күніге звондап, жағдайын сұрап отырамыз. Осы күнге шейін ондай асқыну процесстері болған жоқ бізде», – деді №5 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Мафтуна Эшматова.

Ал, иммунологтардың айтуынша, ұжымдық иммунитет көрсеткішін бұдан да арттыру керек. Демек, вакцина алушылардың қатары көбейгені жөн. Өйткені коронавируспен ауырған науқастың ағзасы қалпына келуі үшін 6-8 ай уақыт талап етіледі. Ал вакцина алғандардың иммундық жүйесі мықтырақ болады дейді.

«40 жылдық тәжірибесі бар иммунолог ретінде вакцина індетті жеңудің жалғыз жолы деп сенімді түрде айта аламын. Өйткені  вакцина екі кезеңде жүргізіледі де, ағзаның иммундық жүйесін күшейтеді. Ол антидененің қалыптасуына әкеледі. Барлық вакцина толық тексеріс сараптамалардан өткен. Сондықтан бұған асқан жауапкершілікпен қарау керек», – деді Аймақтық диагностикалық орталықтың иммунологы, медицина ғылымдарының докторы Салтанат Қалимолдаева.

Айта кету керек, Алматыда бірінші ақпаннан бері 316 мың 407 адам коронавирус екпесін алған.

Жанар Ғаниқызы, Мұрат Тайжан, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир