Жаңа мыңжылдық, Сидней олимпиадасы: 2000 жыл қандай тарихи оқиғаларымен есте қалды

Бүгінде еңсесін тіктеген егеменді Қазақстанның әр күні маңызды оқиғалар тізбегінен құралады

Жаңа мыңжылдық, Сидней олимпиадасы: 2000 жыл қандай тарихи оқиғаларымен есте қалды Фото: voxpopuli.kz

Жаңа ғасыр, тың тарих. Қазақстан қадам басқан 2000 жыл келелі келіссөз, айрықша шешім, әлемдік аренадағы беделімен есте қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Егемендіктің алғашқы жылдарындағыдай емес, 2000 жылы елдегі экономикалық қиындықтар біршама еңсерілген еді. Осы кезеңде Қазақстанның мұнайдан түсетін табысы көтерілді. Ресми статистикаға иық тіресек, бұл жылы республикада 3 млн тонна шикі мұнай өндіріліпті. Одан бөлек, 2 мыңыншы жылдықта Мемлекет басшысы бірқатар келіссөзге қол қойды, 6 қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі 55-сессиясында мыңжылдық саммиті ашылып, Елбасы ғаламдық қауіпсіздік пен ынтымақтастық турасында баяндама жасаған еді.

«Жаһанданудың жақсылықтарын тек дамыған елдер көрмеуі керек. Бұл түрлі әлеуметтік топтардың наразылығын туғызады. Сондықтан бейбіт өмірге бет алған мемлекеттер даму мен жандануға ұмтылмақ», – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йорктегі баяндамасында.

2000 жыл – Қазақстанда «Мәдениетті қолдау жылы» болды. Оған дейінгі қиын-қыстау уақытта есігі ашылмаған мұражай, кітапханалар мен мәдениет үйлері өз жұмысын қайта бастаған еді. Сондай-ақ Президент «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын құру туралы» және «Тәуелсіз сот жүйесін күшейту жөніндегі» Жарлыққа қол қойды. Аталғандардан бөлек, ХІ ғасырдың табалдырығын аттаған жыл мемлекет үшін қарышты қадамдарға толы болды.

«Еліміздің 30 жылдығын тойлағалы отырмыз. Бастапқы кезде талай жағымсыз пікір айтушылар болды. Сарапшылар, көрші елдерден  «Қазақстан егемендік ала алмайды, тізерлеп келеді, қолын жаяды, қайыр сұрайды» дегендей сөздер айтылған еді», – деді қоғамдық кеңестің төрағасы Рахман Алшанов.

Қазақстан тәуелсіздігінің баянды болатынына сенбейтіндер, біздегі сенімге селкеу түсіргісі келетіндер де көп еді. Елдің рухы мен санасына әсер ететін мұндай жайттардың нүктесі де осы 2000 жылы қойылды. Ол – Қазақстан спортшыларының Сидней төріндегі олимпиадада көк туды желбіретіп, ел намысын қайрай түсуі болды. Сол жылдың 3 қазанында басталған байрақты бәсекеде республикамыз дүниежүзі елдері арасында 22-орынға табан тіреді. Енді ғана егемендігін алған елге бұл қатарда болу – зор жетістік, марапатты мақтан еді. Құлашын кең сермеген Қазақстан осылайша жеңісті күндерінің басын бастады.

Мадина Оқас, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир