Алматыда 418 полицей салық төлемей жүр

Алматыда 418 полицей салық төлемей жүр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық полицейлер салықтан жалтарудан алдына жан салмайды. Олардың қазынаға 9 миллион теңгеге жуық қарызы бар. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері мәлімдеді.

Тәртіп сақшыларын қосқанда қазір қалада 1300-ден астам мемлекеттік қызметкер салық төлеуден қашып жүр екен. Қара тізімде әскерилер, жергілікті атқарушы органдар мен ұлттық банк қызметкерлері бар. Енді салықшылар олардың берешегін өндіріп алу үшін жұмыс орындарына хабарлама жіберіп, қарызын өтеуге қосымша уақыт береді. Егер оған көнбесе, борышкерлердің аты-жөнін жариялап, соңдарынан сот орындаушыларын жібермек. Өйткені, мемлекеттік қызметкерлердің салыққа қарызы 18 млн теңгеге жуықтап үлгеріпті. Және бұл тек бір жылдың қарызы емес көрінеді.  

«Біріншілердің қатарында Полиция департаментінің қызметкерлері тұр. 418 қызметкерде 8,6 млн теңгеге жуық қарыз берешегі бар. Әскери бөлімшелердің қызметкерлерінде 346 қызметекердің 5,1 млн теңгеге жуық қарызы бар. Ұлттық банк қызметкерлерінің 1 млн теңгеге жуық қарызы бар екені анықталды. Жұмыстарына төлеу туралы хат жолданды, хабарламадан кейін салықтық бұйрық негізінде мәжбүрлеп өндіріп алу іс-шаралары атқарылады», – деді Алматы қалалық МКД өндірістік емес төлемдер бөлімінің бас маманы Арман НАЗАР.

Айта кетсек, жеке тұлғалар мүлік салығын 30 қыркүйекке дейін төлеуі тиіс. Ал көлік салығын 31 желтоқсаннан қалдырмай өтеуі қажет. Дегенмен, мұндай ескертпелерге қарамастан, алматылықтардың салыққа жалпы берешегі бүгінде 4 миллиард теңгеден асып кеткен.  



Новости партнеров