Ақтөбелік оқушылар кітапсыз сабақ оқып жүр

Ақтөбелік оқушылар кітапсыз сабақ оқып жүр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбе қаласындағы жаңа мектептің ата-аналары балаларының бір ай бойы оқулықсыз сабаққа барып жүргеніне алаңдап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе қаласындағы №70 орта мектеп биыл пайдалануға берілді. 900 орынды мектепте қазір 1 мыңнан астам бала білім алып жүр. Оның 141-і биыл 1-сыныпқа барған. Арада бір айға жуық уақыт өткенімен, оқушылар кітапсыз білім алуға мәжбүр болды.

«Биыл баламыз 1-сыныпқа баратын болған соң жаңа мектепті таңдадық. Бірақ қазір сол мектепті тандаған ата-аналар өкініп жүр. Себебі, оқулық жоқ. 1-сынып оқушылары бір ай уақыт өтсе де кітапсыз сабаққа барды. Ал қосымша дәптерлерін сатып алуға әр ата-ананың 7-10 мың теңге жұмсауына тура келеді. Сынып жетекшісі «кітап сатып ал» деп міндеттей алмайды, қорқады. Ал сабақты оқулықсыз өткізу өзіне қиын. Балаларымыз мектепке барады, келеді. Кейбір ата-ана арнайы қосымша дәптерін таба алмай шырылдап жүр», - деді ата-аналар.  

Шыдамы таусылған ата-аналар мектеп директоры, қалалық білім бөлімі мен облыстық білім басқармасынан мәселені шешуді сұрайды. Ал мектеп әкімшілігі кітапханашы өзге мектептерден ауысқан кітапты жинап жүргенін айтып берді.

«Жаңа мектеп болған соң оқулық жетпей жатыр. Алдағы 1-2 күнде бәрі шешімін табады деп ойлаймыз. 1-сыныпқа барған 100-ден астам баланың 70 пайызында оқулық бар. Кітапханашы өзге мектептен оқулық тасып жүр. Тек 1-сыныпқа емес, өзге сынып оқушыларына да кітап қажет»,- деді №70 орта мектеп директорының орынбасары Гүлзипа Байжанова.

Айта кетейік, Ақтөбе қалалық білім бөлімі кітап жетпеген соң екінші рет оқулыққа тапсырып беріп, жеткізілуін күтіп отырғанын айтты.

«1-сыныпқа баратын бала саны көбейіп кетті. Сол себепті қосымша қаржы бөлініп, оқулық енді келіп жатыр. Міндетті түрде оқулық таратылады», - деді қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Дина Халетова.


Новости партнеров