Алматының Жетісу ауданында қызметкерлерін жасырған қоғамдық тамақтану орны анықталды. Кәсіпкер бір жыл бойы 15 шақты жұмыскерін заңды түрде тіркемей келген. Осы уақыт көлемінде зейнетақы мен міндетті медициналық сақтандыру қорына бір тиын да ақы аудармай жүріпті. Мұндай өрескел заңбұзушылықты кафе қожайыны жуық арада түзетуге уәде берді. Аталған кәсіп иелерімен жұмыс жыл соңына дейін жалғасады. Салықшылар көп жағдайда жұмыс беруші салғырттық танытып, қызметкерлерді тіркемей жүре беретіндігін айтады.
«Міндетті төлемдерді төлеу жұмыс берушінің мойнында сол кісінің міндеті. Жеке кәсіпкер болсын және заңды тұлға ретінде кәсіп орын болсын. Алдын-алу шарасы барысында салықшылар сауда орындарымен қоса есептегенде 40 шақты нысанды тексердік. Насихаттау жұмыстарын жүргізген. Соның нәтижесінде, 200 шақты адам заңды жұмысқа орналастырылған. Қосымша 2 жарым млн теңге салық өндірілген. Бұл түсіндірме жұмыстарының арқасында өндірілген»,-деді Алматы қаласы Жетісу ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы, Серік АКИШЕВ.