|
28.12.2017 | 16:38
1257

БЖЗҚ-на 45 млрд теңге қарыз 21 компания жауапқа тартылуда

БЖЗҚ-на 45 млрд теңге қарыз 21 компания жауапқа тартылуда

Жинақтаушы зейнетақы қорына 45 миллиард теңгені қайтармаған 21 компанияны жауапқа тарту процесі бітер емес. Эмитенттердің барлығы қор қаржысына даму мақсатында қол жеткізген. Тергеу тынымсыз жүргізілгенмен биыл жалпы борыштың небәрі 1 миллион 249 мың теңгесі өндірілген. Қалған қаражат зейнетақы қорына қашан қайтарылады?

Көкке ұшқан 45 миллиард теңге. Жинақтаушы зейнетақы қорынан қыруар қарыз алған эмитент компаниялардың мәселесі әлі сотта қаралып жатыр. Тіпті, кейбірінің ісі халықаралық деңгейде қарастырылуда. Бұл мекемелерді жауапқа тарту нәтижесінде  2014 және  2016 жылдар аралығында 1 миллион 475 мың теңге ғана қорға кері  қайтарылған. Ал биыл небәрі 1 миллион 249  мың теңге өндіріліпті. 20-дан астам проблемалық эмитенттің барлығы түгелдей қор алдындағы берешегін өтеуге міндеттелуде. Қазір оның нақты  бесеуіне қатысты қылмыстық іс қозғалған. 

«Қордың алдында қайтарылған ақшаның көлемі-жалпы өтелген соммасы-2 миллион 724 мың теңге. Барлық 20 эмитентке қатысты қудалау шаралары жүргізіліп жатыр.  Қайткен күнде де қор бұл жұмысты тоқтатпайтын болады. Міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады», - деді «БЖЗҚ» АҚ жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Қадыржан ЖАСҰЛАНҰЛЫ. 

Зейнетақы қоры алдында берешегі көп компаниялардың бірі - «Қазақстан қағазы».  Ұйымның бұрынғы акционерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны мәлім. Бұл компания Лондон қор биржасында тіркелгендіктен,сол елдің жоғары соты да түйіткілді мәселеден айналып өте алмады. 4 жылға жалғасқан процеске келесі жылы  нүкте қойылады деген үміт басым. 

«Бір қуантарлығы, 22  желтоқсанда Лондонның жоғарғы соты "Қазақстан Қағазы" компаниясының пайдасына оң шешім шығарды. Соның негізінде бұрынғы акционерлер "БЖЗҚ" алдындағы 12 миллиард 500 миллион теңге қарызын қайтаратын болады. Сот компанияның бұрынғы директоры Мақсат Әріптің 95 миллион доллардан аса активіне және 17 миллион долларға бағаланған зәулім үйіне халықаралық деңгейде бұғау салды. Ал екінші акционер Бағлан Жүніспен 3 миллион доллар бойынша бітімгершілік келісім жасалды. Енді 2018 жылға белгіленген сотта өндірілетін соманың нақты көлемі ағылшын құқығына сәйкес белгіленеді», - деді«БЖЗҚ» АҚ атқарушы директоры Маулен ӨТЕҒҰЛОВ.

Осылайша, халықтың қорға жинаған қаржысы сәтсіз жобаларға да жаратылып кетеді. Ал инвестицияны қажет еткен кәсіпорындар бұқараға ешқандай есеп  бермейді. Соңында, елдің ақшасы талан-таражға түсіп, оны қайтару жолында қор сан жылдарды сарп етуде.  Әйтсе де, жинақтаушы зейнетақы  қорына бұқарадан түскен ақша көлемі артпаса кеміген емес.  Бүгінде салымшылардың ақшасы 7 триллион теңгеден асып жығылады. 

«Салымшылардың жеке есеп шоттарындағы таза инвестициялық табыстың жалпы соммасы 495,5 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салтырғанда 2,3 пайызға 11,2 миллиард теңгеге өсті», - деді «БЖЗҚ» АҚ жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Қадыржан ЖАСҰЛАНҰЛЫ.

Бұл еліміздегі 10 миллионнан астам халықтың құйған қаржысынан түскен пайда көлемі. Айта кетейік, биыл жыл басынан бері қордан төленген зейнетақы төлемінің жалпы соммасы 193 миллиард теңгеден асады. Ал сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар 20 миллиард теңгеге жуық.  Естеріңізге сала кетейік, енді жаңа жылдан бастап зейнетке шыққан отандастарымыз қордағы жинақтарын ай сайын бөліп ала алады.

Әйкерім Ердәулетқызы, Қанарт Кигізбаев,  «Алматы» телеарнасы 

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир