Алматылық кәсіпкерлерді кірістер басқармасы қыспаққа алды

Алматылық кәсіпкерлерді кірістер басқармасы қыспаққа алды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кәсіпкерлерді кірістер басқармасы қыспаққа алды. Салықтан жалтарып жүрген Бостандық ауданындағы бизнесмендер бір айдың ішінде 73 жұмысшыны заңды түрде тіркеп қана қоймай, 3 жарым миллион теңгеден астам  салық төлеуге міндеттелді. Осылайша, 40-тан астам қоғамдық тамақтану орталығын ашқан жеке кәсіпкердің жалған есеп-қисап жасап жүргендігі әшкере болды.

Қаланың қақ ортасында орналасқан мына кафенің жұмыс істеп жатқанына бір жылға жуық уақыт енді болады. Әйтсе де бұл қоғамдық орынды ашқан жеке кәсіпкердің қазірден бастап, шаруасы шаш етектен. Әуелгісі, қызметшілерді тіркеу, олардың медициналық сақтандыру, зейнетақы қоры мен салықтық түсімдерді толықтай төлеуден жалтарып жүргендігі анықталды. Тамақтану орталығына кіргеніміз сол еді, қызметшілер жапа тармағай жан жаққа қашып, бірі жүзін жасырса, екіншісі долы мінезін көрсетіп шыға келді. Ал кейбірі мұндай жерде уақытша жұмыс істеп жатқандығын алға тартып, көңілі қаласа, кез-келген уақытта басқа жаққа тайып тұратындығын да тілге тиек етті. 

Осылайша өз басшылығының бұл ісіне әкімші-қыз шаң жуытпауға тырысты. Әйтсе де, құзырлылар, 80 адамдық орынға лайықталып ашылған кафеде екі-ақ адамның жұмыс істеуі мүмкін еместігін алға тартады. Нақтыра айтқанда, жеке кәсіпкер салықты азырақ төлеуі үшін 10 шақты жұмысшымен еңбек шартын жасаспаған екен.  

Кірістер басқармасы қызметкерлерінің келесі қадамы-осы Бостандық ауданында табысын жасырып келген тәулік бойы жұмыс істейтін екінші кафе. Бұл нысанда нәпақасын тауып жүрген 11 жұмысшы болса, кәсіпкер оның 6-ын ғана заңды түрде тіркепті. Осылайша, бір айдың ішінде бұл аудандағы 54 қоғамдық тамақтану орталығы тексеріліп, оның 40-тан астамының ата заңды аттағандығы анық болды. 

«Бірден айыппұл салынбайды. Ол өткен салық кезеңіне қосымша салық есептілігін тапсыруға міндеттеледі. Одан ары қарай жұмысшылардың санын азайтпай, табысын сол көлемде тапсыру көрсетіліп отыруы керек»,-деді Алматы қаласы Бостандық аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы, Серік МҰХАМЕДЖАН.

Мұндай тыңғылықты тексерістің арқасында қазына да бірша ма қампайып қалыпты. Бір айдың ішінде табысын жасырып келген кәсіпкерлерден 3 жарым миллион теңгеден астам салық өндірілген. Бизнесмендер жұмысшыларға төленген 7 миллион теңгеден астам  еңбек ақысын жасырмақ болған екен.

Әйкерім Ердәулетқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы 


Новости партнеров