Қала күні «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұжымы шаһар көшелерін аралап, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ән шырқап, би билеп, күй күмбірлетті. Қазақтың төл өнерін дәріптеп жүрген қара шаңырақ ұжымының бастамасы көпшіліктің көңілінен шықты. Тұрғындар да әншілерге қосылып ән салды.
– «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұжымы аспаптарын алып, күй күмбірлетіп, әуезді ән салды. Көтеріңкі көңіл күйді мақсат тұтқан шара алматылықтарды ерекше думанға бөледі, – деді тілші Еркебұлан Серікұлы.
Театр ұжымы қаланың басты көшелерімен жүріп алматылықтарды мерекемен құттықтады. Адам көп жиналған орындарға барып, әннен шашу шашып, би биледі.
– Алматы күні тойланып жатыр. Керемет. Өте әдемі. Мерекеде мәдениет қызметкерлері халыққа қызмет етіп жатыр, кітап алдық, ән шырқалып, көңіл күй көтерілды! Алматы – студенттер үшін керемет қала. Мен оқуымды аяқтадым, Алматыны ұнатып қалдым, – деді қала тұрғыны Батыл Жанболатұлы.
– Әдемі, ауа райы керемет. Бәрімізге ортақ қала – Алматы гүлдене берсін. Алматылықтарға тек табыс тілеймін. Әр отбасы бақытты болсын. Алматы, жайнай бер! – деді қала тұрғыны Любовь Кудратова.
Шығармашылық ұжым жетекшісі шағын концерттік қойылымның көпшіліктің көңілінен шыққанына дән риза.
– Қала күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Мерекелік кеш ұйымдастырып жатқан Алматы әкімдігі, басшылыққа ризамыз! Бақытды Алматыдан таптық. Мерекеде көтеріңкі көңіл күй тілеймін! – деді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының труппа жетекшісі Саттар Ерубаев.
Тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлаған ұжым халықтың ықыласына бөленді. Өнердің қара шаңырағы саналатын театр әртістері алдағы уақытта ілкімді іс-шаралар өткізуді дәстүрге айналдырмақ.
Еркебұлан Серікұлы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Әдебиет мерекесі: Алматыда кітап фестивалінің 10 жылдығы атап өтілді