Бостандық ауданында кезекті рет ресурстық орталық жұмысын бастады. Бұдан былай аудан тұрғындары белгілі бір қызмет алу үшін әр ғимаратқа сабылмай, кезек күтіп уақыт өткізбейді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, халыққа қызмет көрсету мамандары мен бірге жұмысқа орналасу үшін де кеңесті ресурстық орталықтан алуға болады. Мүмкіндігі мол жоба туралы толығырақ Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын айтады.
Бостандық ауданындағы бұл жастар ресурстық орталығының ашылғанына көп уақыт болмаса да, талай жасқа демеу болып үлгерген. Бір айдың ішінде 120 адам жұмысқа орналасуға жолдама алды. Оқуын енді бітірген 400 студент жастар тәжірибесі арқылы жұмысқа тұрған. Бұл жастарды қолдау мақсатында жүзеге асқан бірегей жоба дейді ұйымдастырушылар.
«Мәселен «Алматы жастары 3.0» бағдарламасы жастарды қолдау мақсатында жүзеге асырылған. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен қолға алынған бағдарлама аясында қанша жас маман баспаналы болды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, 100-ден астам мұғалім осы бағдарламамен пәтер алды», – деді қалалық Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ринат Бекбергенов.
Одан бөлек, орталықта «Атамекен» кәсіпкерлікті қолдау орталығының да мамандары бар. Жұмыссыз жүрген жастар осында келіп кеңес алып, өздерінің стартап жобаларын бастай алады. Қазір кең ауқымда жүріп жатқан бағдарламаның бірі «Бизнес бастау». Кәсіпкер болуға ниетті жан өз жобасын қорғап мемлекеттен 505 мың теңге қайтарымсыз грант ала алады.
«Саудамен айналысамын, азық-түлік сатамын деген болмайды, өз меншігіңізде қалатын бизнес болуы керек. Одан басқа қысқа мерзімді курстар бар қазір бізде, ол жақта мамандық өте көп. Мысалы, бухгалтердің оқуын оқиды үш ай, кейіннен біз оған мамандығы бойынша жұмыс тауып береміз», – деді «АТамекен» ҰКП бас менеджері Хадиша Бошенова.
Бүгінде қаладағы барлық ауданда жастар ресурстық орталығы бар. Олар әр түрлі форматта жұмыс істеп жатыр. Бірі коворкинг бағытында болса, енді бірі түрлі сала мамандары жиналған кеңес беру орталығы ретінде жастарға көмек көрсетуде.