Мегаполистегі 51 сауда орнының 32-і заманауи талаптарға сай қайта салынды
Тот басқан темір контейнерлердің орнына заманауи сауда орталықтары салынуда. Алматыда базарларды жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Өзгеріс тек сыртқы келбетті жаңартумен шектелмейді. Ең бастысы – тұрғындар мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бүгінде мегаполистегі сауда инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Жаңғыртудан өтіп, қайта салынған сауда орындарының бірі Абай даңғылы мен Алтынсарин көшесінің маңында орналасқан. Бұрын мұнда темір контейнерлерден құралған ашық базар болатын. Қазір нысан толық жаңартылып, заманауи сауда орталығына айналды. Кең сауда орындары, демалыс аймақтары, үлкен автотұрақ пен абаттандырылған аумақ келушілерге қолайлы жағдай жасап отыр. Ондаған жыл еңбек еткен кәсіпкерлер өзгерісті көптен күткендерін айтады.
«Біз осы жерде 30 жылдан бері сауда жасап келеміз. Әрине, қазіргі жағдай бұрынғыдан әлдеқайда жақсы. Қазір сатып алушы жайлы әрі қолайлы жерді таңдайды. Сондықтан бізді жылы, жарық, қауіпсіз ғимаратпен қамтамасыз еткен сауда орталығының басшылығына ризамыз. Қыста жылы, жазда салқын жерде жұмыс істейміз. Мұнда қауіпсіздікке қатысты барлық жағдай қарастырылған», – деді кәсіпкер Зәуре Тұрлыбаева.
«Сауда үйі салынғалы бері бұл аумақ қатты өзгерді. Айнала көгалдандырылып, гүлдер егілген. Әсіресе, кешкі уақытта өте әдемі. Мұнда адамдар отбасымен келіп, демалады», – деді қала тұрғыны Ғалия Рыскелдина.
Жаңғырту жұмыстары сол маңдағы «Сарыарқа» азық-түлік базарын да айналып өтпеді. Алғашында тұрғындар құрылыс аяқталған соң қымбатшылық болады деп алаңдаған. Алайда тауарлардың бағасы айтарлықтай көтерілмеді дейді. Керісінше, жағдай жақсарып, келушілер мен кәсіпкерлерге қолайлы бола түскен.
«Барлық нәрсе өзгерген ғой. Мынадай ауа райында өнімдеріміз бұзылмайды. Заттарымыздың сапасы сақталады. Бұрын осындай 35-40 градус ыстықта қиярдың өзі кәдімгідей солып қалатын. Қазір, міне, көріп тұрғандарыңыздай, балғын күйінде тұра береді», – деді кәсіпкер Нұржан Жақыпов.
«Жаңашылдыққа үйрену керек. Мен өзім 80-ге келдім. Сонда да жаңалықты жақсы қабылдаймын. Осында қыздар бар, балалар бар. Бәрі де жақсы. Кішіпейіл, адамгершіліктері мол. Қазір салқын, кең. Мен өзім осы базарды жақсы көремін», – деді қала тұрғыны Нағима Жұмағалиева.
Бұл – қаладағы базарларды жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана. Бүгінде Алматыда 51 сауда орны бар. Оның 32-сі толық жаңартылып, заманауи талаптарға сай қайта салынды. Қалған нысандарда құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.
«Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлер мен қала тұрғындары үшін қауіпсіз, жайлы әрі заманауи сауда орындарын қалыптастыру. Сауда-саттықты тоқтатпай, жұмыс орындарын барынша сақтай отырып, базарларды жаңа форматқа көшіру. Ол үшін ескі контейнерлік саудадан бас тартып, заманауи нысандар салу көзделген», – деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы сауда бөлімінің бас маманы Арман Әтейбеков.
Базарларды жаңғырту – қаланың келбетін өзгерту ғана емес. Бұл – қауіпсіз әрі жайлы сауда ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба. Заманауи талапқа сай жаңарған базарлар кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасап қана қоймай, тұрғындардың да сапалы қызмет алуына мүмкіндік береді.
Олжас Омарбек, Жанна Руслан, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Президент тапсырмасы: Алматы – Қаскелең автожолы сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі