Алматыда Н. Сац атындағы театрдың аумағы 5000 шаршы метрге ұлғаяды

Одан бөлек мамандар театрға қажетті техника толықтай қайта жабдықталатынын, жаңа мультимедиялық жүйе орнатылатынын атап өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Наталия Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының жалпы аумағы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан соң шамамен 5000 шаршы метрге ұлғаяды. Бұл туралы жоба авторлары Әуезов ауданы әкімінің журналистермен кездесуінде мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Одан бөлек мамандар театрға қажетті техника толықтай қайта жабдықталатынын, жаңа мультимедиялық жүйе орнатылатынын атап өтті.  

Тұрғыны көп Әуезовте жаңалық жетерлік. Сол себепті, бүгін аудан әкімі журналистермен кездесіп, негізгі 3 жобаны таныстырып шықты. Оның қатарында Наталия Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театры да бар. Құрылысқа жауаптылар мәдениет ошағының аумағын ұлғайтып қана қоймай, сахнаға қажетті жабдықты толығымен жаңартып, кіреберіс аймағын Дінмұхамед Қонаевтың идеясына сай қылуды көздеп отыр. Сондай-ақ, келушілердің ыңғайлылығы үшін орын санын 744 адамға шақтау жоспарланыпты.

«Қасындағы жаңа құрылыс бойынша 20 пайыз бетон жұмыстарының барлығы атқарылып бітті қазіргі таңда. Құрылыс объектісінде 120-ға тарта жұмыскер жұмыс жасап жатыр. Сыртқы инженерлік сеттер бойынша кәріз құрылысы және су құбыры  және жылутрассасы бойынша жұмыстар толықтай 90 пайызға жұмыстар бітті», – деді жоба жетекшісінің орынбасары Нұрсұлтан Баратов.

Момышұлы көшесінің бойындағы бұл қоғамдық кеңістік бүгінгі жиында таныстырылған екінші жоба. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының негізінде ашылған алаңқайда келушілер үшін жаттығуға арналған құрылғылардан бөлек, шағын сахна да қойылған. Және балалар ойынына қажетті түрлі жабдық бар. Кездесуде аудан әкімі мұндағы 600 шаршы метр аумақтың көгалдандырылып, 150-ге жуық ағаштың отырғызылғанын тілге тиек етті. 

«Бұрын бұл жер бос жатқан еді. Қоқыс та жиі жиналып қалатын. Сондықтан тұрғындардың сұранысы бойынша, алаңқайды қоғамдық кеңістікке айналдырмаққа шешім қабылдадық. Енді тұрғындар емін-еркін демала алады. Атап өтерлігі, жобаны қолға алғанда балалардың неге қызығатыны ескерілді. Олар мұнда шығармашылық тұрғыда да дами алады», – деді  Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев.

Ендігі кезек – Жандосов 57 мекенжайы бойынша орналасқан аулада. Қызығы сол, абаттандырылып, жаңа архитектуралық нысанмен толыққан, футбол, баскетбол алаңы салынған, 405 шаршы метрге резеңке жабыны төселген аумақ көпшіліктің көңілінен шығып үлгерген. Себебі іске асқан жобада тұрғындар пікірі ескерілген. Ұмытпаған жөн, Әуезовте 966 аула бар. Былтыр соның 65-і жөнделсе, биыл 111 ауланы талапқа сай ету ойластырылыпты.  

Рүстем Айткәрім, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров