Алматыда тау кластері мен Көкжайлау жобасы талқыланды
Басты мақсат – тау туризмін тек қысқы маусыммен шектемей, жыл бойы демалыс пен спортпен айналысуға мүмкіндік жасау
Алматының таулы аймақтарын дамытуға бағытталған тау кластері мен Көкжайлау жобалары мамандар мен студенттер арасында талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жоба авторлары бастамалардың негізгі бағыттарын таныстырып, жастарды туризм саласына тарту мәселесіне де тоқталды.
Алматы тау кластерін дамыту жобасы қаланың таулы аумақтарын біртұтас туристік кеңістікке біріктіруге бағытталған. Оның аясында Шымбұлақ, Бұтақты, Кімасар, Пионер және Ой-Қарағай бағыттарындағы инфрақұрылымды жүйелеу жоспарланған. Басты мақсат – тау туризмін тек қысқы маусыммен шектемей, жыл бойы демалыс пен спортпен айналысуға мүмкіндік жасау.
Ал Көкжайлау жобасында осы аумақтың туристік әлеуетін дамыту мәселесі қарастырылып жатыр. Яғни қыста шаңғы тебуге, ал жылы маусымда жаяу серуендеуге және табиғат аясында демалуға жағдай жасау көзделген.
«Енді бұл туристердің ағылып келуіне бірден-бір себеп болады деп ойлаймын. Себебі Алматының ең көрікті тауларының бірі – Көкжайлау. Қысқы уақытта шаңғы тебушілер үшін де, басқа саяхатшылар үшін де Швейцарияның екінші түрі болады деген ойдамын. Сол себепті әлеуметтік желілерде кеңінен тараған сайын, курортымызға келетін туристердің саны да көбейеді деп ойлаймын», – дейді экобелсенді Дулат Нәбиев.
Тау туризмін дамыту жаңа жұмыс орындарына деген сұранысты да арттыруы мүмкін. Жоба аясында туризм, қонақжайлылық, спорт және тау қауіпсіздігі бағыттары бойынша мамандар даярлау, жастарды тәжірибеге тарту және кейін жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін кеңейту көзделген.
«Бұл жерде туризм саласындағы жастарды міндетті түрде жұмысқа тартатындарын айтты. Алдағы уақытта осы жерде салынатын нысандардың барлығында туризм саласында білім алып жатқан студенттерге жұмыс орындары қарастырылатыны да айтылды. Сондықтан жыл сайын Алматы қаласына оқуға түсетін оқушылар мен студенттердің саны көбейіп жатқанын ескерсек, олар үшін диплом алғаннан кейін жұмыс табу да оңайырақ болады деп ойлаймын», – дейді Алмалы ауданы Комьюнити орталығының жетекшісі Нұрасыл Аманғазы.
Жалпы тау кластері аясында туризммен қатар спорттық инфрақұрылымды дамыту, қоғамдық көлік қатынасын жақсарту және жеке көліктердің тау аймақтарына кіруін азайту жоспарланған.
Сонымен қатар медициналық инфрақұрылымды дамыту, табиғи жағдайларды тәулік бойы бақылау және қар көшкіні қаупінің алдын алу жүйесін күшейту көзделіп отыр.
Диана Тұрлыбек, Жақсылық Тілепберген, Әлішер Ерғалиұлы, Almaty TV.