|
29.06.2023 | 19:31
6945

Ағаш қандаласы: мегаполисте өңдеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр

Алматыда жалпы 2,3 миллионнан аса жасыл желек өңделеді

Ағаш қандаласы: мегаполисте өңдеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр Фото: admk26.ru

Алматыдағы көпқабатты үйлерде ағаш қандаласы қаптап, тұрғындардың мазасын қашырды. Көпшіліктің айтуынша, аспаннан жаңбырдай жауған жәндіктер аула түгілі, үйде де отырғызбайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ағаш қандаласы алматылықтардың негізгі мәселесіне айналды. Қала тұрғындары зиянкес қаптап кете ме деп, тіпті үйдің терезесін ашқысы келмейді. Оның үстіне, жәндіктер ауру таратады деп қорқады.

– Төсекте, ыдысымызда, еденде – барлық жерде жүреді. Олардан қайтіп құтылатынымызды білмеймін. Оның үстіне, инфекция тарата ма деп те қорқамыз. Себебі олардың біздің үйге дейін қайда жүргені белгісіз ғой. Көршілерімізді де бұл мәселе алаңдатады. Өз бетімізбен арнайы улы заттар мен тазартқыштарды сеуіп көрдік. Бірақ 10-15 минуттың ішінде қайта қаптап кетеді, – деді қала тұрғыны Марина Лигай.

Мира Бұлантайқызы Бостандық ауданында 20 жылдан бері тұрады. Зейнеткер жәндіктердің бұрын-соңды көп болмағанын айтады. Ол ағаштарға дұрыс күтім жасалмағандықтан зиянкестер көбейіп кетті деп пайымдайды.

– Мына ағаштарды ешкім ақтаған да, қараған да жоқ. Ескі ағаштарды кесіп, қарау тұру керек. Мен өзім тазалықты жақсы көремін, сол себепті осы ауланың таза әрі жайнап тұрғанына ылғи үлес қосып жүремін, – дейді қала тұрғыны Мира Нұрланғазиева.

Ал мамандар жәндіктердің көбеюі табиғи құбылыс дейді. Оның үстіне, олардан келер айтарлықтай қауіп жоқ көрінеді.

– Биылғы ауа райы қолайсыз болғандықтан, мамырда ауа райы түнгі уақытта 15 градустан аспады, ал маусым айында ауа райының күрт өзгеруі ағаш қандаласының көбеюіне себеп болды. Тұрғындардың ешқандай қорқатын себебі жоқ, жәндіктер тек ағаш дәнектерін жейді, – деді Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының бас маманы Ілияс Мирасәлі

Жауапты мамандардың сөзіне сенсек, өңдеу жұмыстары әр маусымда төрт кезеңде жүзеге асады. 1-кезең 15 сәуірден 20 мамырға дейін созылса, 2-кезең 30 мамырдан 30 маусымға дейін, ал 3-кезең 10 шілде мен 10 тамыз аралығында орындалады. Соңғы кезең 20 қыркүйекке дейін созылады екен.

– Біз өңдеу жұмыстарын тек түнгі уақытта жасаймыз. Себебі ағаш жапырақтарына сіңуіне және олармен күресу үшін сағат 24:00-ден таңғы 6:00-ге дейін өте қолайлы уақыт болып саналады, – деді Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының бас маманы Ілияс Мирасәлі.

Айта кету керек, өңдеу елдімекендер аумағында қолдануға рұқсат етілген, қауіптілігі төмен биологиялық және химиялық препараттармен жүргізіледі. Биылдың өзінде Алматыда жалпы 2,3 миллионнан аса жасыл желек өңделеді. Жұмыс 15 сәуірде басталып, 20 кыркүйекке дейін жалғасады.

Гүлмарал Изатқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Кентау дәмханасында уланғандар саны 92-ге жетті

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир