|
24.02.2022 | 15:38
521

Утильалым азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсерін тигізбейді – вице-министр

Кейбір қоғам белсенділерінің утильалым азық-түлік қауіпсіздігіне де кері әсерін тигізеді деген сөзі шындыққа жанаспайды

Утильалым азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсерін тигізбейді – вице-министр Almaty.tv

Утильалым азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсерін тигізбейді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, кейбір қоғам белсенділерінің утильалым азық-түлік қауіпсіздігіне де кері әсерін тигізеді деген сөзі шындыққа жанаспайды. Қайта ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын зауыттар отандық болса, азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Ал шетелдік зауыттар келгеннен кейін еліміздің түпкір-түпкірінде қызмет көрсету орталықтары ашылып жатыр дейді. Сонымен қатар ол Ауыл шаруашылығы техникасы бағасының қымбаттауына утильалымның қатысы жоқ деп отыр.  

«Ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысатын әріптестеріміз, осы саладағы мамандар ауыл шаруашылығы техникасы құнының утильалым кесірінен қымбаттап бара жатқаны туралы бірнеше рет мәселе көтерді. Бұл да шындыққа жатпайды. Ең алдымен статистикаға жүгінейік. Былтыр елімізде қанша трактор, комбайн сатылған болса, соның 89 пайызы отандық өндіріске тиесілі. Яғни, ауыл шаруашылығына қажетті трактор мен комбаин сатып алған кәсіпкерлердің 89 пайызы кәдеге жарату алымын төлемеді. Бұл – ресми дерек, ресми статистика», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев.

Бұдан бөлек, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі жарнасыз автонесие құны 10 млн теңгеден аспайтын көліктерге ғана арналған деген ақпаратты да жоққа шығарды. Сонымен қатар, жаңа автонесие бағдарламасы автомобильдің тек 2-3 моделіне берілетіндігі туралы тараған қауесеттің шындыққа жанаспайтынын айтты.   

«Кеше 4 пайызбен жеңілдетілген автонесие береміз дедік. Ал бүгін «Ол кредит тек құны 10 млн теңгеден аспайтын белгілі бір модельге ғана беріледі екен» деп жатыр. Бұл да фейк ақпарат. Ол көлік құнына байланысты емес. Берілетін кредитке байланысты. Яғни, 10 млн теңгеге дейін кредит беріледі. Егер машина құны осыған сай болса емін-еркін аласыз. Ал алатын машинаңыздың құны одан қымбат болса, онда сіз 10 млн үстіндегі 1 не 2 млн теңгені қалтаңыздан төлейсіз», - деді Марат Қарабаев.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир