Қазақстандық негізгі экспорт тауарлары АҚШ-тың жаңа тарифінен босатылды
АҚШ президенті Дональд Трамптың Қазақстан тауарларына енгізгелі отырған 25% баж салығы ел экспортының 95 пайызына әсер етпейді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Ведомствоның айтуынша, Қазақстаннан экспортталатын мұнай, уран, күміс пен ферроқорытпа сияқты негізгі шикізаттар жаңа тарифтерден босатылып, бұрынғыдай бажсыз жеткізіледі.
Еске сала кетейік, АҚШ 1 тамыздан бастап бірнеше елге, оның ішінде Қазақстанға қатысты жаңа импорттық баж салығын енгізетіні туралы ресми түрде хабарлаған еді. Бұл салық тек АҚШ аумағынан тыс өндірілген өнімдерге қатысты болмақ.
«Қазақстандық тауарларға болжамды сауда режимін сақтау мақсатында ҚР Үкіметі АҚШ әкімшілігіне өзара сауда шарттарын жақсарту жөніндегі нақты шаралар мен бастамаларды жолдады. Қазақстан мақсаты - нарыққа қол жеткізу және сауда шарттары мәселелері бойынша келісілген шешімдер қабылдау. Қазіргі уақытта АҚШ тарапы Қазақстан ұсыныстарын қарастыруда және келіссөздерді өткізу күні туралы хабарлайды. Қазақстан ұлттық мүдделерін қорғау және тұрақты сауда-экономикалық әріптестікті дамыту мақсатында АҚШ-пен одан әрі келіссөздер жүргізуге дайын», - деді ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі Тойгүл Жұбанисова.
Оқи отырыңыз: Ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарға қолдау қажет - қор өкілдері