Қорғаста Қытай мен Орталық Азия елдерінің халықаралық көрмесі өтті

Бес елдің бизнесі бас қосқан үш күндік ЭКСПО-ға жүздеген компания қатысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қорғаста Қытай мен Орталық Азия елдерінің тауарлары мен саудасына арналған халықаралық көрме өтті. Үш күндік ЭКСПО-ға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қытайдан келген жүздеген компания қатысып, аймақаралық экономикалық әріптестікті дамытуға бағытталған бастамаларды таныстырды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

4-6 шілде аралығында Қорғас шекаралық ынтымақтастық аймағында Орталық Азия мен Қытай елінің бизнес өкілдері бас қосқан халықаралық көрме өтті. Іс-шара мемлекетаралық сауда байланысын нығайтып, түрлі салаға инвестиция тартуға бағытталды.

«ЭКСПО-ға қатысып жатқандағы мақсатымыз – Алматы облысы бойынша көп инвесторды тарту және барлық бағытта жұмыс істеу, көптеген зауытқа құрал-жабдық пен техникалар алдыруға көмектесу», - деді Алматы облысы Кәсіпкерлерді қолдау палатасының бөлім басшысы Бекзат Бөшен.

Орта Азия тауары мен сауда саттығына арналған халықаралық көрмеге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Қытайдан келген көптеген ірі компаниялар қатысып жатыр. Мұнда түрлі мақсаттағы ауыр техникалардан бастап, робототехника, мата, киім-кешек, азық-түлік өнімдері мен туризм саласы секілді бірнеше бағыт қамтылған. Мәселен, бір ғана аспан асты елінен 300-ге жуық кәсіпорын келген. Ал отандық кәсіпкерлер ұнтақ түріндегі саумал, қымыз және тағы басқа ұлттық тағам түрлерін ұсынған екен.

«Әкелген өніміміз - түйе және бие сүті құрғақ ұнтағы. Түйе сүтін біз Қытайға карантин кезінен, яғни 2019 жылдан бастап таныттық. Бие сүті бұл елде қатты дами қоймаған. Көрмеге келген себебіміз – бие сүтін таныстырып, көрсету. Халыққа ұнап жатыр. Қытай төңірегіне алдағы 1-2 ай ішінде көлемді түрде жеткізсек деп отырмыз», - деді отандық кәсіпкер Дархан Бекмағамбетов.

Көрме инвестициялық ынтымақтастық, Орталық Азия және Қытай өнімдері, трансшекаралық логистика сынды негізгі үш бағыт бойынша ұйымдастырылды. Жиынға аспан асты елінің 27 өңірінен ірі компаниялар қатысты. Үш күнге созылған іс-шара аясында 20-дан аса форум мен бизнес кездесу өтіп, бірнеше халықаралық меморандумға қол қойылды.

«Көрме аумағы 300 мың шаршы метрден асады. Қытайлық тауар өндірушілермен қатар, Орталық Азиядан 40-тан аса компания қатысты. Алдағы уақытта біз көрме аумағын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ жуырда Астанада «Қытай - Орталық Азия» екінші саммиті өткенін білеміз. Мұндай игі іс-шаралар мемлекетаралық, әсіресе Қазақстанмен арадағы экономикалық және сауда қатынастарын нығайтуға мүмкіндік береді», - деді «Еуразия» халықаралық көрмелері бойынша cиньцзян компаниясы бас директорының орынбасары Ван Юй.

Жалпы, Қытай мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынасты дәріптеуге бағытталған жаңа жобалар да жалғасын тапты. Соның бірі - алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Көршіңмен бірге - Қорғас кубогы» атты қысқаметражды бейнероликтерге арналған халықаралық байқау. Бастама екі елдің ақпараттық әріптестігін нығайту мақсатында қолға алынып отыр. Байқау жеңімпаздарына 50 мың юаньға дейін жүлде тағайындалған. Өтінім қабылдау 31 қазанға дейін жалғасады. Ал желтоқсан айында жеңімпаздар анықталмақ.

Олжас Омарбек, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: АҚШ-тың жаңа баж салығы Қазақстан экспортының 95%-на әсер етпейді – министрлік

Новости партнеров