Атырауда ковид-такси 60-тан астам тұрғынға қызмет көрсетті

inform.kz
inform.kz
Тұрғындар бұл қызмет түріне кешкі сағат 17:00-ден таңғы 09:00-ге дейін жүгіне алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда ковид такси 60-тан астам тұрғынға қызмет көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Облыстық жедел жәрдем стансасы директорының міндетін атқарушы Наргиз Баймолдаеваның мәліметіне қарағанда, жүргізуші мен фельдшер маманынан тұратын COVID-такси қызметіне Атырау мен Құлсары қаласында 7 бригада жұмылдырылған. 

«Ковид такси барлық қажетті медициналық құрылғылармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, жүргізушілер жеке қорғаныш киімдерін пайдаланып, науқасқа көмек көрсету тәсілін біледі. Қажеттілік туындаған мезетте олар фельдшерге жәрдемдесе алады», – деді Наргиз Баймолдаева. 

Қазір ковид такси бригадасы түнгі ауысымда жұмыс істейді. Тұрғындар бұл қызмет түріне кешкі сағат 17:00-ден таңғы 09:00-ге дейін жүгіне алады. 

«Егер қажеттілік туындап жатса, онда ковид такси бригадасының саны ұлғайып, тәулік бойы қызмет етеді. Дегенмен, қазіргі уақытта күндізгі бригаданың өзі жұмысты атқарып жатқандықтан, оған негіз жоқ. Көрсетілген әр қызметтен кейін көліктер міндетті түрде тазартылып, өңделеді», – деді Наргиз Баймолдаева. 

Оның айтуынша, COVID-такси фельдшері науқастарға ем тағайындау парағын толтырмайды. Шұғыл ауруханаға жатқызылуы тиіс азаматтар болса, оны ауруханаға жеткізу үшін жедел жәрдем бригадалары шақырылады. Қазір аталған қызмет түрін облыстық денсаулық сақтау басқармасы қаржыландыруда. COVID-такси бригадасы ақысыз қызмет көрсетеді. 

Бұған қоса, Атырау облысында 36 тәжірибелі дәрігерден құралған call-орталық ашылған болатын. Мұнда мамандар тәулігіне 24 сағат коронавирустың жеңіл түріне және вирус инфекциясына шалдыққан науқастарға үйден емделуге қатысты онлайн кеңес береді. Бұл орталықтың ашылуымен жедел жәрдем шақыртушылар саны 1300-ден 900-ге дейін азайды.

Новости партнеров