Қазақстан Тәжікстанға портативті өкпені жасанды желдету аппараттарын береді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн брифинг барысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, қазіргі қиын жағдайда мемлекеттер бір-біріне көмек көрсетіп жатыр. Елімізге де басқа мемлекеттер гуманитарлық көмек жолдауда. Сондай-ақ, портативті өкпені жасанды желдету аппараты елімізде, Ақмола облысында шығарылатынын мәлімдеді.
«Бүгінде аталған өндіруші өзінің өндірістік қуатын арттырып отыр. Кәсіпорын түркиялық компаниямен бірге портативті өкпені жасанды желдету аппаратынан бөлек қазіргі уақытта бізге аса қажетті болып отырған стационарлық өкпені жасанды желдеу аппаратын шығаруды жоспарлауда. Өндіріс таяу аралықта жолға қойылады және жылдың соңына дейін еліміздің барлық ауруханаларына қажетті портативті және стационарлық өкпені жасанды желдету аппараттармен қамтамасыз етеді», – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова.
Бұдан бөлек Людмила Бюрабекова Қазақстан шетелден наурыз бен шілде айлары аралығында 154 миллиард 3 миллион теңгеге дәрі сатып алғанын айтты. Ал, Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев коронавирус пандемиясы кезінде елімізге шетелден 98 жасанды тыныс алдыру аппараты жеткізілгенін мәлімдеді.
«Жасанды таныс алдыру аппараттарының басым бөлігі жақында жеткізілді. Соңғы 2 аптаның ішінде Түркиядан 30 аппарат, Біріккен Араб әмірліктерінен 25 аппарат, грузиялық компаниядан 10 аппарат алдық. Оған дейін Джек Ма қоры да елімізге жасанды тыныс алдыру аппаратын жеткізді. Олардан біз 30 аппарат алдық. Жалпы елімізге 98 жасанды тыныс алдыру аппараты жеткізілді», – деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев.