Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев Өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген онлайн-брифингте COVID-19-ға қарсы күрес бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде әлеуетті арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Н.Табынбаев атап өткендей, бүгінде 691 адам медициналық бақылауда: 278 адам симптомсыз ауырып жатыр және 413 науқаста аурудың жеңіл белгілері бар. Соңғы екі аптада осы санаттағы пациенттердің саны 650-ден аспаған. Жұқтырудың 7 пайызға өсуі көбіне жеңіл және орташа ауыр симптомдары бар пациенттердің есебінен жүріп жатыр.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы COVID-19-ға қарсы күрес бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмекті арттыруды жалғастыруда. Егер 2020 жылдың маусымында мобильді бригадалардың саны 72 болса, бүгінде олардың саны 298-ге жетті. Тартылған мамандар саны 5 есеге артты. Сондай-ақ, Н.Табынбаев әріптестерінің де денсаулығы маңызды екенін атап өтті.
«Біз пациенттерге қандай қамқорлық көрсетсек, дәл солай әріптестерімізге де қамқорлығымызды аямаймыз, ПТР жасай отырып, біз, бірінші кезекте, олардың ауруды жұқтыру қаупін азайтамыз. Ал шұғыл жағдайда ауруханаға жатқызу кезінде ПТР стационарда жүргізіледі», – деді Н. Табынбаев.
Сонымен қатар, амбулаториялық емделуде жатқан COVID-19 бар пациенттерді қолдау мақсатында телемедицина орталығы құрылды. Оның мақсаты – қауіп тобындағы науқастарды (қарт адамдар мен созылмалы аурулары бар адамдар) қашықтықтан бақылау және оларға кеңес беру. Ол соңғы екі айда 1 қарашадан 4 қаңтарға дейін орталық мамандары 10 000-ға жуық кіріс қоңырауларын қабылдап, 40 000-ға жуық шығыс қоңырауларын жасады.