Қауіпті коронавирус індеті Қытайда басталғанымен әлем елдері арасында оны жұқтырғандардың санынан Италия көш бастап тұр. Бұл елде соңғы тәулікте COVID-19 кесірінен 651 адам көз жұмды. Сенбі күні Италияның Апеннина қаласында 793 адам көз жұмған еді. Соңғы көрсеткіштен бір күн бұрынғы санмен салыстырғанда қаза болғандардың саны 100 адамға аз екенін байқауға болады. Мұны дәрігерлер жағдайдың жақсарғанына балап отыр.
Айта кетейік, бүгінгі таңда коронавирустың асқынуынан қайтыс болғандардың жалпы саны бұл елде 5 476 адамға жеткен.
«Қазіргі таңда еліміздің әр тұрғынын өздігінен қауіптен сақтануға шақырамын. Сақтанудың бірден-бір таптырмас жолы – үйден шықпау. Сырттағы бейтаныс адамдармен мүлде байланыс орнатпау. Осы тұрғыда мен тиісті жарлыққа қол қоямын. Ол үшін шешімдер қабылданып жатыр», - деді Италияның премьер-министрі Джузеппе Конте.
Жағдай Германияда да мәз емес. Ел канцлері Ангела Меркель бүгіннен бастап үй карантиніне алынды. Ол жексенбі күні індет анықталған дәрігермен байланыста болған. 65 жастағы саясаткер енді жұмысын үйден қашықтан жалғастыратын болады. Меркель тест сынамасын тапсырған. Қазір тиісті сараптамалары вирусологиялық зертханаға жеткізілген.
«Дәл қазір біз қауіпті әрі қиын кезеңде тұрмыз. Миллиондаған азаматтарымыз жұмыссыз отыр. Бәрімізді алдағы күндері не болатыны алаңдатып отырғаны жасырын емес. Дәл қазір мен және әріптестерім ел үшін маңызды шешімдерді талқылап жатырмыз. Оның барлығы елдің қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан жұмыстар. Мен бұл қиындықты бірлесіп жеңетінімізге сенемін», - деді Германия мемлекетінің канцлері Ангела МЕРКЕЛЬ.
Америка Құрама Штаттарында соңғы бір тәулікте 9100 адамнан COVID-19 вирусы анықталды. Осылайша, науқастардың жалпы саны 33,5 мыңнан асып кетті. Бұл – Қытай мен Италиядан кейін кесел етек жайған үшінші мемлекет. Коронавирустан көз жұмғандар саны 419-ға жеткен. Оның 117-сі соңғы тәулікте көз жұмды. Осыған орай, Ақ үй әкімшілігі індетпен күрес шараларын күшейтті. Нью-Йорк, Вашингтон, Калифорния штаттарында енді Ұлттық гвардия әскерлері ел қауіпсіздігін қатаң бақылауда ұстамақ.
«Елімізде қауіпті індеттің одан ары таралуына жол бермеу үшін бірқатар шаралар қабылдап жатырмыз. Еуропа елінен келетін жол және әуе рейстерін алдағы 1 айға дейін толық жаптық», – деді АҚШ президенті Дональд ТРАМП.
Көршілес Ресей мемлекетінде тағы 61 адамнан коронавирус анықталды. Бұл елде қауіпті вирус жұқтырғандардың жалпы саны 367-ге жетті. Кеселдің басым бөлігі Мәскеуде тіркелген. Оның қатарында шетелдік азаматтар да бар. Арнайы штабтың ақпарына сай, науқастар бұған дейін коронавирус дендеген елдерде болған. Қазір олар ауруханаға жеткізіліп, инфекциялық бөлімшелерге оқшауланды.
Айта кетейік, Ресейде коронавируспен күрес жолында шектеу шараларын қабылдады. Енді шет елден келген кез келген азамат 14 күнге үй карантиніне жабылады. Елдегі карантин 1 мамырға дейін белгіленген.
«Бүгінде Еуропа елдерінде вирустық инфекцияны жұқтырғандар мен көз жұмғандар сағат санап өсіп жатыр. Барлық мемлекеттер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Ресейдің территория жағынан ауқымды екені белгілі. Біздің әлем елдерімен арақатынасымыз тығыз әрі жақын. Өкінішке қарай, осы жақындығымыз қазіргі уақытта елімізге қауіп төндіріп отыр. Мен әлем елдеріндегі әріптестеріме осы дертпен күресу жолында күш-қуат тілеймін», – деді Ресей Федерациясының президенті Владимир ПУТИН.
Індет ошағы Қытайдан басталған бұл елде, керісінше, жағдай тұрақты. Сырқаттанғандардың 90 пайызы емделіп жазылып шыққан. Эпидемия басталғалы бері 81 093 адамға вирус жұққан, кейінгі мәліметтерге сәйкес, соның 72 703-і емделген. Орташа есеппен өлім көрсеткіші 4 пайызды құрайды. Оның көбі Ухань қаласында тіркелген. Қазіргі таңда медициналық мекемелерде 5 120 науқас емделіп жатыр. Тұрғындар көше бойында еңбегі ерен дәрігерлерге осылай құрмет көрсетуде.
Қауіпті кесел Қазақстанды да айналып өтпегені белгілі. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, тағы бір адам еліміздің батыс аймағында анықталды. Ол Мәскеу қаласынан ұшып келген. Онымен бірге ұшақта 57 жолаушы және 6 экипаж мүшесі болыпты. Қазір олардың барлығы дәрігерлердің бақылауында. Қазақстанда 15 сәуірге дейін карантин. Жан-жақты қауіпсіздік шаралары қолға алынған.