Сондай-ақ, бүгін Алматыда жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты сағат 12:00-де мемлекеттік қызметкерлер мен дәрігерлер, полицей қызметкерлері және еріктілер де коронавирус құрбандарын 1 минуттық үнсіздікпен еске алды. Осыған байланысты қалада мемлекеттік тулар төмен түсіріліп, ойын-сауық шаралары тоқтатылды. Almaty.tv тілшісі толығырақ, Аяулым Көлжігіттің бейнематериалында.
Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстанда 13 шілде Жалпыұлттық аза тұту күні болып белгіленуіне байланысты түнгі сағат 00:00-ден бастап Алматыдағы барлық мемлекеттік органдар ғимараттарындағы ту төмен түсірілді. Ал, күндіз сағат 12:00-де шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен қала әкімдігі пандемия құрбандарын үнсіздікпен еске алды. Сондай-ақ, аза тұту рәсіміне қалалық мәслихат пен Nur Otan партиясының өкілдері және Қоғамдық кеңестің басшылары да қатысты.
Коронавирус індетінен қаза тапқандарды мегаполис дәрігерлері де қайғырып, еске алды. Жалпы Қазақстан бойынша COVID-19-дан қаза болғандардың ішінде жұқпалы вируспен күресте алдыңғы шепте жүріп, өмірлерін қиған ақ халаттыларда жоқ емес. Пандемия басталғаннан науқастарға алғашқы көмекке ұмтылған медицина мамандарының еңбегі орасан зор дейді әріптестері.
«Өкінішке қарай, қауіпті вируспен күресте басын қатерге тігіп, қайтыс болған отандастарымыздың арасында көптеген дәрігерлер бар. Жалпы Қазақстан бойынша 42 дәрігер коронавирусты жұқтырып, айықпастан көз жұмды. Бірақ қажырлы еңбегі үшін марапатқа ие болды. Бүгін еліміз үшін қаралы күн және біз бақилық болған азаматтарды ұмытпаймыз. Халқымды осындай қиын сәтте бекем болуға шақырамын! Сақтық шараларын ұмытпаңыздар! Біз бұл вирусты жеңетінімізге сенімдіміз», – деді Орталық қалалық клиникалық аурухананың екінші бөлімше меңгерушісі Гүлнар Құсайынова.
«Бүкіл ел болып, күресуге жұмылдық,
Аянбадық, шаршамадық, қолдадық.
Қаза тапқан қазағымды еске алып,
Көңіл айтып, тағзым етіп, бас идік», – деді Орталық қалалық клиникалық аурухананың екінші бөлімше меңгерушісі Гүлнар Құсайынова.
Сондай-ақ, Алматы қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында сапқа тұрып, жұқпалы вирустың құрбандарына тағзым жасады. Айта кетейік, карантин талаптарының сақталуы үшін талмай қызметте қаза болған тәртіп сақшылары да бар.
Сонымен қатар, қала бойынша 7 еріктілер ұйымының жастары да жиналып, COVID-19-дан көз жұмған азаматтардың жақындарының қайғыларына ортақ екендерін білдірді.
«Зейнеткерлер бар, көпбалалы отбасылар бар, оларда азық-түлік жетпеуі мүмкін. Сол кезде осы еріктілер штатынан азық-түлік жинап, күндіз-түні оларға тасып отырдық және де медициналық-стационарлық бекеттерде еріктілер қызмет атқарып, көмек көрсетті. Бұл індет біздің елімізге оңай соққан жоқ. Осы коронавирус індетінен қайтыс болған барша жандардың отбасында жастардың атынан қайғырып көңіл айтамыз», – деді қалалық Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының алатау аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Нұрсұлтан Сембаев.
Коронавирустан көз жұмғандарды еске алу рәсіменен кейін Алматы мешіттері мен медреселерде және қарилар даярлау орталықтарында марқұмдардың рухтарына дұға бағышталып, 100 Құран хатым оқылды.
Аяулым Көлжігіт, Ескендір Тоғысбаев, Мұрат Тайжанов, Ғани Қалуов, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы