Ішкі істер министрлігі терроризм туралы жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылатынын ескертеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев соңғы кезде білім беру мекемелерінде орнатылған жарылғыш заттар туралы жалған хабарламалар жиілеп кеткенін атап өтті.
- Барлық факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Олардың арасында кәмелетке толмағандар жиі кездеседі. Мысалы, жыл басынан бері мұндай дерек бойынша 168 қылмыстық іс қозғалып, 31 адам ұсталды. Оның 12-сі – бала. 13 адам сотталды, оның ішінде екеуі – жасөспірім. 6 ата-анаға айыппұл салынды, – деді ол.
Оның айтуынша, әрбір жалған хабарлама тұрғындар арасында үрей тудырып, мекемелердің жұмысына кедергі келтіреді.
Жалған ақпарат тартқандар материалдық шығын әкеліп қана қоймай, шұғыл қызметтердің уақытын алады. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама үшін 5 мың АЕК-ке (18 млн 460 мың теңге, 1 АЕК – 3692 теңге) дейінгі айыппұлдан бастап, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл қылмыс үшін 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік көзделеді. Егер кәмелетке толмаған 14 жастан аспаса, онда оның ата-анасы жауапкершілікке тартылады, - деді ресми өкіл.
Бұдан бөлек, сот шешімімен ата-аналар шұғыл қызметтердің шақыртуға шығып, нысандарды тексеруге кеткен шығынын өтеуге міндеттеледі.
- Ішкі істер министрлігі ата-аналарды балалардың мінез-құлқына ерекше назар аударуға шақырады. Жасөспірімдерге осындай әрекеттердің соңы неге әкелетінін түсіндіріңіздер. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар үшін қатаң жаза қарастырылатынын еске сақтаңыздар, – деді департамент бастығы, ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Оқи отырыңыз: Жетісу облысында жүк пойызы 11 жылқыны қағып кетті