Екі баланы пышақтап, азаматтық некедегі жарын азаптап өлтірген. Кейін қылмыстың ізін жасыру үшін үйге от қойған, деп хабарлайды Almaty.tv тілішісі.
Алматы облысы Іле ауданындағы саяжайлардың бірінде болған оқиға тұтас елдің қабырғасын қайыстырып отыр. Ал куәгерлер оның нағыз қандықол қылмыскерлерше әрекет еткенін айтып таңқалды. Ең сорақасы, осы іске қатысы бар деген 41 жастағы күдікті әлі бостандықта жүр. Кешелі бері Береке ауылынан береке кетті. Түн ортасында лап берген қызыл жалынды аңғармаған адам жоқ шығар. Ал өртенген үй ішінен бір емес үш бірдей мәйітті алып шыққанда, тұтас елдімекенді үрей билеген.
– Ішкілікке, нашақорлыққа салынған жанның істегені ғой. Газды ашып, есікті әдейі іліп, терезеден қашып кеткен, – деді көрші Жолшыбай Шалбаев.
Көршілер күдікті бұл үйге келгеніне екі-үш ай болды деп топшылайды. Тіпті кейбірі ішімдік ішіп, дүкенге келген кезін де көрген екен. «Бірақ қылмысқа барады» деп ойламаған олар шошып отыр.
Қаза тапқан келіншек құрылысқа жалданып, жанын бағып келген көрінеді. Екі баласын жеткізем деп пәтерден-пәтерге көшіпті. Бұл баспанаға бас сұққандардың айтуынша, өте тиянақты, мұнтаздай еді. Көшіп келгеніне 2-3 ай болған келіншек інісімен бірге тұрған.
– Көршілердің айтуынша, інісі бірге тұрған. Бірақ азаматтық некедегі жігіт пайда болғалы, ол кетіп қалыпты, – деді мектеп директоры Жанайдар Айдарқұлов.
Екі бірдей озат оқушысынан айырылған мектептегі 3-сынып оқушысының партасы бос тұр. Қаза болған 8-сыныптағы озат қыз жайлы да ұстаздар жылы естелік айтып берді.
– Ол қыз – сынып белсендісі, президентім еді. Жақсы оқитын үздік оқушым болды. 29 тамызда үйіне барғанда ешкім болмаған. Анасынан өгей әкесі болса, ескертуін сұрағанмын. Ол кісі болмайтынын айтты, – деді сынып жетекшісі Ләззат Әділжанова.
Аталған іске қатысты қазір полиция тергеу амалдарының басталғанын мәлім етті. Сонымен қатар қатыгездікпен жасалған қылмысқа қатысы бар деп, Алатау ауданында тіркеуде тұрған 1982 жылғы азаматқа іздеу салынған. Жедел іздестіру іс-шараларына Алматы және Алматы облысының тәртіп сақшылары жұмылдырылған.
Әлібек Шынтемір, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Астанада түнгі клубта күзетшілер мен қонақтар арасында жаппай төбелес болды