Шымкентте бірнеше ауыр қылмыс жасады деген күдікпен ер адам ұсталды. Оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, біреуі жараланып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Оtyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Полицияға алғашқы хабарлама 4 қаңтарда сағат 18:00 шамасында түскен. Абай даңғылы бойында денесінде көптеген жарақаты бар 48 жастағы ер адам табылды. Зардап шеккен адамды уақытында ауруханаға жатқызылды. 4 қаңтарда 1975 жылы туған науқас N1 қалалық ауруханасына жеткізілген. Науқастың денесінде бірнеше пышақ жарақаты анықталды. Сонымен қатар мойынның алдыңғы тұсы да жараланған, деп хабарлады otyrar.kz.
Ауруханаға жеткізілген науқаста ауыр дәрежедегі жедел постгемаррагиялық анемия да анықталды. Операциядан кейін науқас реанимация бөліміне ауыстырылды. Шымкент денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ауыр халдегі науқасқа хаттамаға сәйкес емдеу тағайындалғанын хабарлады.
Араға уақыт салып, "1 мамыр" көшесінде 1984 жылы туған ер адамның мәйіті табылды. Өкінішке қарай, жаға ұстатарлық оқиға мұнымен аяқталған жоқ.
5 қаңтар күні сағат 12:00 Еңбекші ауданында тағы бір ер адамның мәйіті табылды.
Қорқынышты қылмысқа қатысы бар деген күдікті 5 қаңтарда Тәуке хан даңғылы бойында ұсталды. Инсайдерлік ақпарат бойынша, ол 28 жаста, жұмыссыз.
- Күдікті ұсталды. Аса ауыр қылмыс жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды.Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді, - деп хабарлады Шымкент қалалық полиция департаменті.
Оқи отырыңыз: Тұрмыстық зорлық-зомбылық: былтыр 125 мыңдай арыз түскен