Алматыда асқан қатыгездікпен өлтірілген Аяжан Еділованың ісіне қатысты бүгін сот отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Атышулы істі судья жабық есік жағдайында қарайтын болды. Жауапты адвокат Қыдыржан Ғалымжанұлының айтуынша, бүгінге дейін 30-ға жуық сараптама жүргізілген. Жалпы сот ісі 30 томнан тұрады, аса күрделі дейді қорғаушы. Оның сөзінше, тергеу жабық жүргізіліп жатқандықтан, өзге мәліметтер жарияланбайды. Келесі сот отырысы 3 желтоқсанға белгіленді.
«Жалпы, Қылмыстық-процессуалдық кодекс бойынша, адам өлтіргені үшін максималды жаза 20 жыл болса, адам зорлағаны үшін максималды жаза 12 жыл болып есептелінеді. Екеуін қосқан кезде 32 жыл болады. Қылмыстық кодексте бір тәртіп бар, барлық жазаны қосқан кезде 25 жылдан асатын болса, не 25 жыл беріледі, не болмаса, өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Мен өзім өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраймын. Қысқа болжам бойынша бұл – күрделі сот. Келесі жылдың наурыз айына дейін баруы мүмкін», – деді адвокат Қадыржан Молдашәріп.
Еске салайық, көпшілікті алаңдатқан қанды қылмыс осыдан жарты жыл бұрын болған еді. 19 жастағы Аяжан интернет арқылы бір жігітпен танысып, Нұркент ықшамауданындағы пәтерге барады. Түн ортасында күдікті қызды зорлап, кейіннен оны аяусыз өлтірген. Қылмыстың ізін жасыру үшін бойжеткеннің денесін бөлшектеп, қаладағы түрлі мекенжайдағы қоқыс жәшіктеріне апарып тастаған. Айыпталушы – 28 жастағы Түркістан облысының тумасы. Бұрын-соңды сотталмаған.