Бишімбаевтың ісі: көріпкелдің айтқанын екінші айыпталушы жоққа шығарды

Almaty.tv
Almaty.tv
Көріпкелді экс-министрмен оның анасы таныстырған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында айыпталушы хабарласқан көріпкелден де жауап алынды. Шымкенттің тұрғыны жеке басына қауіп төніп тұрғанын айтып, сұралымға видео байланыс арқылы қосылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның сөзінше, белгісіз біреулер оған соңғы үш күнде үздіксіз қоңырау соғып, өлтіреміз деп қорқытқан көрінеді. Сол себепті отырыста оның суреті мен аты-жөнін жариялауға тыйым салынды. Бұдан соң куәгер Бишімбаевпен байланысы жайлы баяндап берді. Көріпкелді экс-министрмен оның анасы таныстырған. Бишімбаев бір жарым жылдан бері жұмыс бабымен, жеке сұрақтарымен оның көмегіне жүгініп отырған. Ал Салтанат қаза болған күні хабарласуын жиілетіпті. Бірнеше рет байланысқа шығып, әйелінің жағдайын көріп беруін сұраған. Тіпті «бәрі жақсы» деген хабарлама жіберіңізші деп те өтініш білдірген.

– Маған Бишімбаев бірінші рет  9 қарашада күндіз хабарласты. «Салтанат екеуіміз мас болып, төбелесіп қалдық» деді. Мен «дәрігерге көрсетіңіз, жедел жәрдем шақыртыңыз» дедім. Мен қолымнан ештеңе келмейтінін айттым. Кейін маған тоқтаусыз қоңырау соға берді. Кешке таман Салтанаттың жағдайы нашарлап кеткенін айтты. Дәрігерге хабарласуына кеңес бердім, – деді көріпкел.

Бишімбаевтың соңғы қоңырауынан соң көріпкел оның анасына хабарласқан. Келіні мен баласы қатты ұрысып қалғанын айтып, барып білуге кеңес берген көрінеді. Алайда куәгердің айтқанын екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов жоққа шығарды. Оның айтуынша, ағасы мен көріпкелдің телефон арқылы әңгімесін естіген.

– Мен сол кезде жанында тұрдым. Бәрін естіп тұрдым. Көріпкелдің айтып тұрғаны өтірік. Ол дәрігерге апару, жедел жәрдем шақыру туралы тіс жармады. Ол «Салтанаттың миы демалу керек, шаршаған. Біраз ұйықтаған соң оянады, үйге қайтасыңдар» деп айтты, – деді сотталушы Бақытжан Байжанов.

Тараптар түскен кейін көпшілікке көрсетілмеген видеоларды тексерді. Бейнежазбаларды Салтанат Нүкенова қайтыс болған күні Бишімбаев телефонға түсірген. Бұл әрекетін ол қорланған соң өш алғым келді деп түсіндірді. Денесі көгеріп, мұрны қанаған әйелінің жағдайын нақты есіне түсіре алмадым деді. Аяусыз ұрып-соқпағанын айтқан сотталушы сол күнгі видеоны қайталап көру керек екенін айтты.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Бишімбаевтың ісі: Салтанат ажал құшқан күні экс-министр бірнеше адаммен сөйлескен

Новости партнеров