Қарағандылық азаматтан акциздік маркалары жоқ 19 миллион теңгенің темекі өнімі табылды. Контрафактілік қызметті жүзеге асырған күдікті осындай жолмен қаржы табуды көздеп, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қаржылық мониторинг агенттігі мамандарының жедел іздестіру, тінту шаралары нәтижесінде «FAST» атауы бар 43 758 қорап сақталған қойма анықталды. Темекі өнімдерінің жалпы құны – 19 млн 253 мың 520 теңге. Қазір заңды белшеден басып, контрабандалық өнімді сатылымға шығаруды көздеген азаматқа қылмыстық іс қозғалды.
– Қылмыстық кодекстің 214-бабы 1-бөлігімен темекі сату арқылы заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Акциздік маркалары жоқ, кәсіпкерлік субъект ретінде тіркелмеген азаматтан тәркіленген өнімдер механикалық жолмен жойылды. Сот үкімімен күдіктіге пробациялық бақылау белгіленіп, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, – деді Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің жедел уәкілі Зарина Құсманова.
Қоса кету керек, өңірде контрафактілік өнімдермен күрес күшейген. Өйткені аталғандардан бөлек, құрамында никотині бар тауарлар да сатылымға еркін шығыпты. Мәселен жуырда ғана сауда үйлерінің біріндегі контейнерден салмағы жарты тоннадан асатын 80 мыңға жуық орамдағы өнім табылған. Кейіннен сатуға, таратуға заңды түрде тыйым салынған өнім тәркіленіп, қылмыстық әрекетке жол берген азамат 1 жылға бас бостандығынан айырылған.
Оқи отырыңыз: Жем-шөп жоқ: Ұлытау облысында 67 бас малдың өлексесі табылды