Алматыда 78 адам өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Бір жарым жыл ішінде бөлімше ҚР ҚК-нің 346-бабы 1 және 2-бөліктерінде көзделген қылмыс белгілері бойынша 66 қылмыстық істі тергеп, сотқа жолдаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 78 жүргізуші өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы қалалық полиция Департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның бірі - А. есімді азамат, ол Байтұрсынов пен Қарасай батыр көшелерінің қиылысында мамандандырылған патрульдік полиция батальонының экипажымен ұсталды. Наркологиялық сараптама көрсеткендей, жүргізуші орташа дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болған.

«Алғаш рет көлік жүргізу құқығымнан 2017 жылы айырылдым, рөлге мас күйде отырған едім. Жаза мерзімі бітпей 2020 жылы тағы да мас күйінде ұсталдым. Сол кезде мен ҚР ҚК-нің 346 бабы 1 бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылдым және өмір бойына көлік жүргізу құқығымнан айырылдым.  Бірақ өткен күні мені тағы да тоқтатты, мен досыммен ішіп, үйге қайтып келе жатқан едім. Бұл ісіме қатты өкінемін», - деп түсіндірді А. есімді азамат.

ПД Анықтау Басқармасының мәліметінше, бір жарым жыл ішінде бөлімше ҚР ҚК-нің 346-бабы 1 және 2-бөліктерінде көзделген қылмыс белгілері бойынша 66 қылмыстық істі тергеп, сотқа жолдаған.

«Сот шешімімен 78 жүргізуші өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Сонымен қатар, оларға 1 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын өтеудің нақты мерзімі тағайындалды. Қазіргі таңда 8 қылмыстық іс сот тергеуінде тұрғанын хабарлаймын», - деді Алматы қалалық ПД анықтау Басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Олжас Шәріпов.


Новости партнеров