FlyArystan әуе компаниясының Алматы қаласы Түрксібаудандық сотының шешімімен апаттық трапты ашқан жолаушыға келтірілген залалды өтеу туралы азаматтық талабы қанағаттандырылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Апаттық шығу есігінің ашылуы және үрлемелі апаттық траптың іске қосылуы нәтижесінде жолаушылар мен экипаж мүшелері зардап шеккен жоқ. Алайда жолаушы әрекетінің салдарынан ұшақтың келесі рейске дайындығын қалпына келтіру үшін жоспардан тыс тексеру мен жөндеу жұмысы жүргізілді. Апаттық трапты ауыстыру бойынша әуекомпанияның шығыны 9 551 922 теңгені құрады.
Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының шешіміне сәйкес жолаушыдан материалдық залал сомасы және мемлекеттік баж сомасы өндірілетін болады», - делінген хабарламада.
Әуе компаниясы жолаушыларға экипаждың нұсқауларын қатаң сақтау және ұшақ бортындағы қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді.
«Деструктивті мінез-құлық жолаушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Экипаждың нұсқауынсыз апаттық шығу есігінашуға тыйым салынады және қауіп төндіретін әрекеттербойынша құқықтық жауапкершілікке тарту қарастырылған», - деп ескертті компания өкілдері.
Еске салайық, оқиға 2023 жылғы 23 желтоқсанында Шымкент – Алматы бағыты бойынша ұшып өткен KC7106 рейсінде болған еді. Әуе кемесі қонғаннан кейін, трапты күту кезінде жолаушылардың бірі 12-қатарда орналасқан және тек төтенше жағдайларда ғана ашуға арналған апаттық шығу есігін ашып жіберген.
Жолаушы 2024 жылғы 17 қаңтарда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (Әуе кемесіндегі тәртіп ережелерін бұзу) 566-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оқи отырыңыз: Алматы халықаралық әуежайының жолаушыларына алма ұсынылады