Есірткіні опа-далапқа салған: мегаполис әуежайында заң бұзушылар ұсталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Олар оны түрлі айла-тәсіл арқылы өзге елге алып өтпек болған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жыл басынан бері Алматы халықаралық әуежайында 7 жолаушыдан есірткі табылған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олар есірткіні түрлі айла-тәсіл арқылы өзге елге алып өтпек болған. Заңсыз айналымның жолын кесу үшін желілік полиция бөлімінің тәртіп сақшылары әуежайға кезекті рейд жұмыстарын жүргізді.

Есірткіні пайдалану мен оны тарату соңғы кездері жастар арасында белең алған. Құзырлы орган өкілдері мұндай әрекетке аз қамтылған отбасынан шыққандар мен қаржылық жағдайдан қиындық көргендердің көптеп баратынын айтады. Мәселен Алматыда жыл басынан бері осындай 246 қылмыстық іс тіркелген.

«Біз бүгін жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында рейд жұмыстарын бастадық. Оны «Есірткісіз болашақ» деп атап отырмыз. Бұл осы жылдың қазанына дейін жалғасады. Яғни, осы аралықта қала тұрғындары мен қонақтарына түрлі ескертпе қағазын таратамыз. Ауызша түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз», – дейді Қалалық желілік полиция бөлімі бастығының орынбасары Данияр Сәрсембаев.

Есірткіні заңсыз алып өтпек болғандар түрлі айла-тәсілдерге барады екен. Мәселен, жақында бір азамат синтетикалық затты опа-далаптың ішіне салып алған. Одан өзге, қалам мен темекі қораптарына да тығып алып өтетіндер кездеседі екен.

«Кеңсе тауарларының ішіне салып өткізуге тырысатындар көп. Ал есірткіні ағзасына салып өтпек болғандар кездеспеді. Мұндай контрабандалық жолмен қылмыс жасайтындар сирек. Тиісінше, жазасы да ауыр», – дейді қалалық желілік полиция бөлімінің қызметкері Сәбит Спатаев.

Жыл басынан бері Алматы халықаралық әуежайындағы 7 жолаушыдан есірткі табылған. Олардың бәрі де дер кезінде қамауға алыныпты. Қазір үш қылмыстық іс сот-медициналық сараптамасына жіберілген. Ал қалғанына сот шешімі шыққан жоқ.  

Ұлағат Арғын, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров