Қарағанды облысында мал ұрлығының алдын алу үшін 17 мобильді бекет қойылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Қарағанды облысының аумағынан өтетін республикалық және жергілікті тас жолдарға, өзге облыстармен шектесетін аралықтарға 17 мобильді бекет қойылды.
Шағын бекеттерде криминалдық полиция, патрульдік полиция және учаскелік полиция инспекторлары жұмыс істейтін болады. Негізгі мақсат, күздік және соғым уақыттарында мал ұрлығының алдын алу және қылмыстың жолын кесу.
- Негізінен осы уақыттарда мал өсірумен айналысатын шаруа қожалықтары зардап шегеді. Криминалдық полиция және Ақтоғай аудандық полиция қызметкерлерінің жүргізген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Олардың алты қылмысқа қатысты екені дәлелденді. Негізгі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу әрекеттері жүргізілуде, - деді Қарағанды облыстық Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Аслан Өскембаев.
Сондай-ақ Аслан Өскембаев бекеттерде тұратын қызметкерлердің міндеті ет өнімдерін тасымалдайтын көліктерді тексеру, олардың құжаттарының сәйкес болуын қарау екенін атап өтті.
Жыл басынан бері облыс аумағында мал ұрлығына қатысты 25 дерек тіркелген. Кешенді іс-шаралар барысында 10 қылмыс ашылған. Мал ұрлығымен тұрақты түрде айналысқан екі қылмыстық топ ұсталып, олардың 8 фактіге қатысты екені дәлелденді.
Оқи отырыңыз: Алматы тұрғыны полицейге пара бергені үшін сотталды