«Бишімбаев пен Байжанов қылмыс болған күні мейрамханадан Нүкенованың денесін алып шықпақ болған. Алайда олардың бұл ойы іске аспай қалды». Сот залында сөз алған жәбірленуші тараптың қорғаушысы осылай айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Игорь Вранчевтің сөзінше, сотталушыларға сол күні Президент күзеті тосқауыл болған сыңайлы. Адвокаттың дерегінше, дәл сол күні гастроорталыққа қарама-қарсы ғимаратта Қазақстан мен Ресей президенттерінің кездесуі өткен. Тиісінше, сол аумақтағы қауіпсіздік қатаң бақылауда болған көрінеді.
– Бишімбаев пен Байжанов көшедегі күзет қызметіне ұсталып қалмауды ойлады. Екеуі ешкімнің көзіне түспей, ішкі паркинг арқылы Салтанаттың денесін көлікке салған күнде де гастроорталықтан шыққан кезде тексеретін еді. Ойын жүзеге асыру мүмкін болмаған соң, олар кездесудің аяқталуын күтті. Жоспар өте мұқият ойластырылған. Президент күзеті мейрамханаға кірген жағдайда ондағы бөлмелерді де тексеріп, қарайтыны анық, – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Игорь Вранчев.
Жарыссөзде жәбірленуші тараппен бірге Бишімбаевтың қорғаушыларының бірі сөз алды. Адвокат Лейла Рамазанова экс-министрдің қамқор күйеу болғанын айтты. Оның айтуынша, Қуандық Бишімбаев Салтанатты үлде мен бүлдеге орап, көңілін аулау үшін бәрін жасаған. Құшағын қымбат сыйлықтарға толтырып, жұптық өмірде әйелін аялап жүрген. Қорғаушы «соңы қазаға алып келген ұрысты марқұм Нүкенова өзі тілеп алды» деді.
– Қуандықтың қатесі – оның адамдығы. Ол Салтанатты жақсы көрді, сүйіп қосылды. Бірге тұрған кезде қымбат сыйлықтар сыйлап, бақытты еткісі келді. Салтанаттың өзінен де бар. Күйеуінің мінезін біле тұра, оны балағаттап, қорлаған. Оның бұрынғы өмірін жасырғаны қайғылы жағдайға бірден-бір себеп болып отыр. Бишімбаев басқа жігіттер сияқты Салтанатты тастап кетпеді, – деді Қ. Бишімбаевтың Қорғаушысы Лейла Рамазанова.
Оқи отырыңыз: Бишімбаевтың ісі: прокурор сотталушыға мінездеме берді