Ақтауда қандала уына уланып, көз жұмған 2 бірдей баланың әкесі тергеудің созылғанына наразылық білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Екі бірдей перзентінен айырылып, қан жұтып отырған Жанболат Кемелденов әділдік іздейді. Сөзінше, қандаланы улаймын деп отбасына қайғы әкелген көршісі емін-еркін бостандықта жүр. Уақытша қамауға алынбағаны да қатты қынжылтады дейді ол.
«Балаларымды жерлеп келдім. Ол кісілер әлі бостандықта жүр. Әділдік қайда?! Сараптама нәтижесі де дайын емес», – деді қайтыс болған балалардың әкесі Жанболат Кемелденов.
Ең сорақысы, көршісі қайғы жамылған отбасынан кешірім де сұрамаған. Тек делдалдыққа туыстарын жіберген көрінеді. Бұл дерек қазір Ақтау қаласының полиция басқармасында тіркелген. Ал тергеу ісіне сараптама қорытындысының шықпай жатқаны кедергі болып тұр дейді тәртіп сақшылары.
«ҚР ҚК-нің 304-бабы 3-бөлігімен көп адамның өліміне қатысты санитарлық және гигиеналық талаптарды бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің біріңғай тізіліміне тіркелді. Аталған дерек бойынша сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта сараптама қорытындысы дайын емес. Дайын болғаннан кейін осы іске қатысты күдіктіге бұлтартпау шарасымен санкциялау туралы мәселе қаралатын болады», – деді Полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы Мақсат Молдабаев.
Естеріңізге сала кетейік, 22 қазанда Ақтаудың №7 шағынауданында тұратын бір отбасының 2 бірдей мүшесі, 10 айлық бала мен 2 жасар сәби белгісіз заттан уланып, көз жұмған. Кейін мамандар көршісінің қандаланы улап, ешкімге ескертпестен үйінен кетіп қалғанын анықтаған. Бұл іс бойынша күдікті 5 пен 10 жыл аралығында бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы»телеарнасы