|
14.06.2023 | 20:17
671

Мегаполисте криминогендік қылмыс түрлері азаймай тұр

Атап айтсақ, ұрлық пен алаяқтық сынды құқықбұзушылық деректері көбейген

Мегаполисте криминогендік қылмыс түрлері азаймай тұр Фото ашық дереккөзден

Алматыда криминогендік қылмыс түрлері азаймай тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Атап айтсақ, ұрлық пен алаяқтық сынды құқықбұзушылық деректері көбейген. Бұл туралы Бас прокуратураның Алматы қаласы бойынша қылмыстық саладағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің мамандары хабарлады. Құзырлы орган өкілдерінің сөзінше, мұндай заңбұзушылыққа әсіресе оңай олжаны иеленуді мақсат еткендер барады екен.

Алматыда жыл басынан бері 11 мың құқықбұзушылық тіркелсе, оның 8 мыңға жуығы – алаяқтық пен ұрлық деректері. Ал қоғамдық орындар мен тұрмыстық салада жасалған қылмыс түрлері өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Одан бөлек, қазір мұндай фактілерді тіркеуден бастап, сот үкімінің шығарылуына дейінгі жұмыстардың бәрі де электронды форматқа ауысқан. Қағазбастылықтан арылудың айқын жолына түскен құзырлы орган өкілдері жұмыс істеудің бұл әдісі әлдеқайда тиімді екенін айтады.

«Электронды қылмыстық істің ең тиімділігі  біріншіден, қызметкерлердің уақытын үнемдейді, материалдық шығынын азайтады. Одан кейін қылмыстық іс бойынша бұрмалану фактілері жойылады. Бұл өз кезегінде кабинетінен шықпай, қосымша уақыт жұмсамай, қашықтан сараптама тағайындауға мүмкіндік береді», – дейді ҚР Бас прокуратурасы Алматы қаласы бойынша қылмыстық саладағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің бастығы Бақыт Үсенбаев.

Сондай-ақ қазір ұялы телефондағы түрлі қосымшалар арқылы қай ауданда қылмыстық оқиғалардың көптеп тіркелгенін анықтауға болады екен. Мәселен, Алматы қаласынан тұрғын үй сатып алғысы келген тұтынушы алдымен өз мекенжайын картаға енгізу арқылы елдімекеннің жай-жапсарын білуге мүмкіндігі бар.

«Krisha.kz қылмыс картасынан белгіленген аймақта соңғы 30 күнде, жарты жылда, бір айда жасалған қылмыс туралы ақпаратты көруге болады. Мұндай интерактивті картаны пайдалану полиция қызметкерлеріне ғана емес, өз аймағындағы қылмыстың төмендеуіне әсер етуге мүмкіндік береді», – дейді ҚР Бас прокуратурасы Алматы қаласы бойынша қылмыстық саладағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің аға прокуроры Абылайхан Қзылходжаев.

Криминогендік қылмыс бойынша Алматыда Алмалы ауданы көш бастап тұр. Жыл басынан бері мұнда 2 жарым мыңға жуық дерек тіркелген. Бас прокуратураның Алматы қаласы бойынша қылмыстық саладағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің мамандары көпшілік арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Мақсат - заң бұзушылықтың алдын-алу.

Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Мегаполистегі аурухананың бірінде науқастар ВИЧ инфекциясын жұқтырған

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир