Алматыда сот шешімін орындау барысында 5 адам қаза тапты. Олардың ішінде 2 учаскелік полиция инспекторы мен сот орындаушысы да бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға бүгін, яғни 20 қыркүйек күні шамамен 17.00-де екі адамның меншік құқығына қатысты дауы бойынша сот шешімін орындау кезінде болған.
«Сот шешімімен танысқан соң, жергілікті тұрғын үйге жүгіріп кіріп, қаруын алып шығып, сот орындаушысы мен учаскелік полиция инспекторларына және аулада болған басқа адамдарға оқ атты.
Бес адам, оның ішінде қызметте болған екі полиция қызметкері, оқтан жарақат алып, қайтыс болды», - делінген қалалық ПД хабарламасында.
Қазіргі уақытта күдікті бейтараптандырылған және арнайы жасақ сарбаздарының қатысуымен қару қолданылмай қолға түскен, өйткені үйде әйелдер мен балалар болған.
Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі «Кісі өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Мұндай жағдайда қылмыс жасағаны үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Оқиға болған жерді полиция қоршауға алды.
Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ», - делінген хабарламада.