|
01.06.2020 | 22:31
8626

Жеткіншектер колониясында өткен мерекелік шара: Шалыс басқан балалар нені армандайды

Жасөспірімдер жазасын өтейтін еліміздегі жалғыз ЛА155/6 мекемесінде 44 бала бар

 Жеткіншектер колониясында өткен мерекелік шара: Шалыс басқан балалар нені армандайды

Балаларды қорғау күнінде Алматыдағы жеткіншектер колониясы мерекелік шара ұйымдастарды. Балалық шақтарын бостандықта емес, темір торда өткізіп жатқан олар сайысқа түсіп, өз өнерлерін көрсетті. Шалыс басып, өмірде адасқан балалар нені армандайды? Almaty.tv тілшісі біліп қайтты. 

17 жастағы Ақылжан 5 жылға бас бостандығынан айырылған. 192-баппен сотты болған жеткіншектің әлі алда өтейтін 3 жылы бар. Тар қапаста отырған уақыт ішінде өзіне сенімді достар тауып, сүйікті ісінің пайда болғанын айтады. Ол болашақта ауыл шаруашылығымен айналысқысы келеді. Сондықтан осында қояндарды бағып, көбейтуді өз мойнына алған.

«Түзеу жолына түстім. Қылмыс істегініме өкінемін. Қоғамнан шеттелмеймін. Өмірім алда әлі. Өзіме сенемін. Біраз жерлерді бағындырамын деп сенемін. Уақытымыз өтіп жатыр. Спортпен айналысамыз. Оқу оқимыз», – деді  жазасын өтеуші Ақылжан.

Жасөспірімдер жазасын өтейтін еліміздегі жалғыз ЛА155/6 мекемесінде 44 бала бар. Олардың басым бөлігі ауыр қылмыс, яғни адам өлтіру, зорлау және тонау үшін сотталған. Мұндағы ең кішкентай жазасын өтеуші бар болғаны 14, ал үлкені 18 жаста. Колония әкімшілігі, кәмелеттік жасқа толмаған олар шалыс басса да, ата-аналарының қамқорлығына зәру екенін айтады.

Карантин режимі болғандықтан балалар ата-аналарымен кездесе алмай қалған. Осыны түсінген түрме әкімшілігі оларға мерекелік көңіл-күй сыйлауды шешкен. Бастысы олар бақылаушы мен жазасын өтеуші болып бөлінбейді. Бірге бүгін жеңіске жетуге ұмтылды.

Сайысқа қатысқан әр командадағы бес қатысушының үшеуі жазасын өтеуші. Қалғаны осындағы қамқорлық танытқан қызметкерлер.  Сондай-ақ, демеушілер тәттілер мен сусындар әкеліпті. Колониядағы 70 шақты қызметкер жазасын өтеушілерге дұрыс тәлім-тәрбие берумен айналысады. Мұнда теолог, психолог, медициналық пункт пен мектеп бар.

«Мереке өткізу үшін бізге Алматы қаласы бойынша түзеу мекемелеріндегі сотталғандар біздің жасөспірім балаларға үлкен көмегін тигізді. Спорттық костюмдерін сыйлады. ЛА155/18 мекемесі балаларға ата-аналарымен сөйлесуі үшін таксофон картасын сыйлады», – деді ЛА155/6 түзету мекемесі басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлшат НҰРЖАНОВА.

Сәуір айында 10 бала бостандыққа шыққан. Сотталған балалардың мерекедегі басты арманы тезірек бостандыққа шығып, өмірде өз орындарын табу.

Жадыра Омаржан, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир