Үш жасар бала 24 күннен бері жансақтауда: ата-анасы дәрігерлерге шағымданды

Балаға менингоэнцефалит диагнозы қойылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңаөзенде үш жасар Абылай 24 күннен бері жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр. Баланың ата-анасы тиісті медициналық көмек дер кезінде көрсетілмеді деп есептейді. Ал аурухана өкілдері қажетті ем-дом жүргізіліп жатқанын және науқастың жағдайы өте ауыр екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Абылайдың әкесі Серік Жаңабергеннің айтуынша, қыркүйектің басында баланың дене қызуы көтеріліп, отбасы жедел жәрдем шақырған. Бүлдіршін жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізіліп, кезекші дәрігер медициналық көмек көрсеткен.

Кейін баланың денесі құрысып, аузынан көбік аға бастаған. Ата-анасының сөзінше, бүлдіршінге тыныштандыратын дәрі егілген. Компьютерлік томографиядан кейін ол жансақтау бөліміне жатқызылған. Содан бері 24 күн өтсе де, бала есін жимаған.

– Содан бері баламыздың жағдайында өзгеріс жоқ. Күнде барып жүрміз, жағдайы нашар. Білікті мамандармен телемедицина арқылы байланысып жатқанын айтады. Бірақ мұнда келіп, баланы қарап кеткен маманды көрген жоқпыз. Жаңаөзенде бізге қажетті мамандар тапшы. Алғашқы күні көмек дұрыс көрсетілмегендіктен, баламыз осындай жағдайға түсті деп ойлаймыз, – деді Абылайдың әкесі Серік Жаңаберген.

Баланың анасы Гүлімай Ізтілеуова да ұлын жансақтау бөліміне кеш жатқызды деп есептейді.

– Сағат 12-ге жетпей баламның денесі құрыса бастады. Бір нүктеге қарап қалды. Сол кезде қатты қорықтым. «Бала осылай жата бере ме, денесі құрысып жатыр ғой» дегеннен кейін дәрігер келіп, реланиум салды. Құрысуды тоқтатып, баланы ұйықтату керек екенін айтты. Дәрі егілгеннен кейін балам оянған жоқ, – деді Абылайдың анасы Гүлімай Ізтілеуова.

Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасының директоры Марат Еделханов балаға дәрі егілгенін растады. Оның айтуынша, бүлдіршін жансақтау бөліміне түскеннен кейін облыстық нейрохирург және реаниматолог мамандардың қатысуымен үш рет телемедициналық кеңес өткізілген. Балаға менингоэнцефалит диагнозы қойылған.

– Диагнозының ауырлығына және жағдайының тұрақсыздығына байланысты баланы Ақтау қаласына тасымалдауға жарамсыз деген шешім қабылданды. Сондықтан ем осы жерде жалғасып жатыр. Медициналық тұрғыдан қажетті ем-дом мен аппараттардың барлығы бар. Ем жүргізіліп жатыр. Дегенмен баланың жағдайы өте ауыр, – деді Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасының директоры Марат Еделханов.

Дәрігерлер 24 күннен бері жансақтау бөлімінде жатқан бүлдіршіннің өмірі үшін күресіп жатқанын айтады. Ал ата-анасы баласының сауығып, отбасына аман-есен оралуын күтіп отыр.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Almaty TV, Маңғыстау облысынан.