Ыңғайлы мобильді
қосымшаны қолданыңыз:
cоңғы жаңалықтар, видео-материалдар және телебағдарламалар

Шелекте тұрғындардың қарсылығынан кейін бас дәрігер жұмысынан кетті

Шелек ауылы орталық ауруханасының бас дәрігері Жақып Желеуов өз еркімен қызметін босатты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ол өз еркімен арыз жазды. Ешкім мәжбүрлеген жоқ. Неге бұлай істегенін біз білмейміз», — деп мәлімет берді әкімнің баспасөз қызметі.

Болжам бойынша, оның мұндай қадамға баруына шілде айының басынан бері ауруханада болып жатқан дау-дамай себеп болуы мүмкін. Өйткені медициналық мекемедегі ахуалға көңіл толмайды: көп жылдар бойы жөндеу жүргізілмеген, коммуникациялар әбден ескірген.


Соның салдарынан 2 шілде күні аурухана аумағында үш адам – екі сантехник пен дәрігер ажал құшқан. Олар канализациялық құдықты жөндемек болып, газға тұншығып қалған.

Бұл жайт жергілікті тұрғындардың да, медициналық қызметкерлердің де шыдамын тауысып, соңында халық бас дәрігер жұмыстан босатылсын деп митингіге шыққан.

Облыс әкімдігі шешім қабылдауға асыға қоймады, оның үстіне төтенше оқиға бойынша тергеу ісі әлі аяқталмаған. Алайда, Жақып Желеуов жұрттың қысымына шыдай алмаса керек, өз еркімен қызметтен кетті.

Ал Шелек ауруханасын жөндеу мәселесі, шенеуніктердің айтуынша, шешімін тапқан, жақын арада жұмыс басталады.