Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі білім ошақтарында экологиялық білім беру бойынша міндетті сынып сағаттары мен факультативтер енгізіледі. Бұл туралы «Ecobilim.kz» атты онлайн конференцияда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айтуынша, бірден жаңа пән енгізіп, асығыстық жасаудың еш қажеті жоқ. Президент жүктеген тапсырманы сапалы орындау маңызды деді министр.
Педагогикалық жоғарғы оқу орындарында экологиялық білім беру бойынша бағдарламалар сын көтермейді. Бірізділік жоқ. Сол себептен мектептерде жаңа пәнді енгізбес бұрын, университеттердегі бағдарламаларды жаңарту керек. Осылай деген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева білім ошақтарында, алдымен факультативті сабақтардан бастау керек деген пікір білдірді.
«Жоғарғы оқу орындарындағы экология пәні бойынша бағдарламаларды ретке келтіру қажет. Қазір әр вуздың өз білімі өзінде. Ешқандай кешенді, ал жалпыға ортақ бағдарлама жоқ. Ал енді мектептегі балаларымызды ертең экобілім беретін бүгінгі осы студенттер десек, онда бұл мәселенің маңызы айтпаса да түсінікті», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.
Аида Балаева экологиялық білім берудің қолданыстағы бағдарламасы ескіргенін жеткізді. Сондықтан ол халықаралық тәжірибелер мен жаңа технологияларды есепке алып, жетілдіруді қажет етеді. Айтуынша, елімізде қазір экология мәселесімен айналысатын 170 үкіметтік емес ұйым бар. Бұл – барлық ұйымның тек 3,3 %-ы. Сол себепті экомәдениет пен экобілім кешенді енгізілуі тиіс. Яғни мұндай жұмыс өмірдің барлық салаларында жүргізілгені абзал. Ал мектептердегі жаңа пәнді байыппен, біртіндеп енгізу керек екенін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те айтты.
«Біз асықпауымыз қажет. Мемлекет басшысының берген тапсырмасын сапалы орындауымыз керек. Сондықтан шешімдеріміз бен бағдарлама кешенді болуы тиіс», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Айта кетейік, шілде айының басында үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің мектептерінде экологиялық білім беру пәнін енгізуді тапсырған болатын. Ол экология мәселесінің жыл сайын күрделеніп жатқанын алға тартқан еді. Мәселен, жылда тұрмыстық қатты қалдықтардың 5 миллионнан астам тоннасы қалыптасуда. Ал қайта өңдеу тек 15%. Бұл жеткіліксіз деп атап өткен болатын Президент.
Салтанат Нысанбек, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан