|
01.06.2023 | 21:00
3465

Тілсіз жаудың алдын алуға ешбір мектеп дайын емес – ТЖМ

Жыл басынан бері білім беру мекемелерінде 50 мыңнан астам кемшілік анықталған

Тілсіз жаудың алдын алуға ешбір мектеп дайын емес – ТЖМ gov.kz

Еліміздің барлық мектебі өрт қауіпсіздік талаптарына сай емес, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жыл басынан бері білім беру мекемелерінде 50 мыңнан астам кемшілік анықталған. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігіндегілер мәлімдеді. Сақтық шарасына салғырт қарағандар салдарынан соңғы 10 айда тілсіз жау 14 баланың өмірін жалмаған. Қайғылы жағдайлардың көбі өрт, иіс тиіп уланудан болған.

Айтып келмейтін апаттың алдын алуға біздегі білім ошақтарының ешбірі дайын болмай шықты. Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпарынша, жыл басынан бері 5 мыңнан астам мектепке тексеріс жүргізіліпті. Нәтижесінде сақтық ережелерін ескермеген 50 мыңға жуық заңбұзушылық анықталған. Қауіпсіздікті қаперге алмаған 55 оқу ордасында қарапайым дабыл түймешегі де қойылмаған екен.

«Осы жылы мектептерде 4 өрт оқиғасы болды. Өрт кезінде 8 жағдайда автоматты дабыл жүйесі іске қосылып, 1 жағдайда жұмыс істемей қалды. Өрт қауіпсіздік талаптарының негізгі бұзылуы өртті автоматты түрде анықтайтын дабылдың болмауы және олардың жай-күйі. Электр қондырғыларын пайдалану талабының бұзылуы болып отыр», – деді  ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов.

«Қауіпсіздіктің сақталмауы көбінде мектеп жетіспеушілігінен болады» дейді министрлік өкілі. Кей өңірде сабақ әкімдік ғимаратында өтеді. Тар кабинеттің өзін әрең кәдеге жаратып отырғанда, сақтық шарасы шет қалып қоятын көрінеді.

Бір сәттік салғырттықтың орны толмас өкінішке алып келері анық. Соңғы 5 жылда тілсіз жау елімізде 776 баланың өмірін жалмаған. Биылдың өзінде айтып келмейтін апаттан 14 оқушы ажал құшыпты. Дені - өрт, иіс тиіп улану жағдайы.

«Егер бұл өртке қарсы қызмет құралы мектептерде жұмыс жасамайтын болса, шатырлар, басқа да жүйелерге отқа қарсы сұйықтық сіңдірілмеген болса, ол мектептің жұмыс істеуіне ТЖД рұқсат бермейді», – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан.

Мектептерде тілсіз жаудың алдын алу талабы сақталмаған жағдайда бала оқытуға болмайды екен. Сонда елдегі білім ошағының барлығы ережені ескермеген болып отыр. Жоғарыда айтқан кемшіліктерді министрлік келер оқу жылына дейін жоюға күш салмақ.

Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Павлодарда 4 жасар бала ауладағы шұңқырға құлап қаза болды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир