|
04.02.2022 | 12:03
496

Биыл баспана бағасы арзандай ма – маман жауабы

Зейнетақы қорындағы қаржыны пайдалану құқығы берілген бойда, баға бірден 10-12 пайызға өсті

Биыл баспана бағасы арзандай ма – маман жауабы Фото: ашық дереккөзден

Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығының президенті Лариса Степаненко үй бағасына қатысты өз ойын айтып, көпшіліктің сан сауалына жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Кейінгі бір жылда еліміздің тұрғын үй нарығын бұрын-соңды болмаған қымбатшылық жайлады. Зейнетақы қорындағы қаржыны пайдалану құқығы берілген бойда, баға бірден 10-12 пайызға өсті. Көптеген отандастарымыз үйдің бағасы ушығып тұрғанын айтады. Жақында ғана баспана сатып алған алматылық тұрғын пәтер бағасы шарықтап кеткенін тілге тиек етті. 

«Мен осыдан 15 күн бұрын Алматының орталығынан екі бөлмелі пәтер сатып алдым. Үй қолданысқа 1970 жылы берілген. Яғни, ескі. Бірақ, ол баспана бағасына еш әсер етпеді. Жазда ол пәтердің бағасы 17 млн теңге болса, қазір 25 млн теңгеге жетті. Иесімен саудаласып жатып, қолма-қол ақшаға 23 млн теңгеге сатып алдым. Алматыда пәтер бағасы шарықтап тұр», - дейді Алтын Базарқұлова. 

Қазақстанның Біріккен риэлторлар қауымдастығының президенті Лариса Степаненко үй бағасына қатысты өз ойын айтты. 

«Елде қаңтар оқиғасынан кейінгі жағдай біртіндеп түзеліп келеді. Адамдар қалыпты өмірге қайта оралды. Инфляцияға байланысты пәтер бағасы жыл сайын орта есеппен 10%-ға қымбаттап жатыр. Сатушылар бағаны шынымен көтерді. Әрбір сатушы баспананы мейілінше қымбатқа өткізгісі келеді, сатып алушы керісінше арзанға іздейді. Бұл заңды құбылыс. Алайда сұраған бағаға сирек өтеді. Қазір зейнетақы жинағының жеткілікті шегі артты. Сондықтан баспана бағасы арзандайды», - дейді Лариса Степаненко. 

Спикердің сөзінше, қазір пәтерлердің қымбаттауына айқын себептер жоқ. 

«Баспана бағасын көтеруге ешқандай себеп көріп тұрғаным жоқ. Өйткені сұраныс нарықтағы ұсыныстан әлдеқайда төмен. Жазға қарай, әдеттегідей, елде халықтың белсенді көші-қоны басталады. Сол уақытта сатылымға көп баспана шығарылады. Алайда, бұл бағаны негізсіз өсіруге әкелмеуі керек. Себебі, халықтың жалақысы өскен жоқ. Жұмыс орындарында қысқарту жүріп жатқанын көріп отырмыз. Мемлекет тұрғын үй сатып алу үшін банктік бағдарламаларды әлі шығарған жоқ»,- дейді ол. Сонымен қатар, ол жазға қарай үй иелері сатылымға қойған баспана бағасын түсіретінін атап өтті. 

«Бізде баспана сатушылар көп, сатып алушылар әлдеқайда аз. Сондықтан арзандауы керек. Үйін шынымен де сатқысы келетіндер, бағасын түсіреді», - деп қорытындылады сөзін Қазақстанның Біріккен риэлторлар қауымдастығының президенті Лариса Степаненко.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир