АЭС құрылысы бойынша қалалық халықтық штабтың мүшелері ғылыми-әдістемелік орталық қызметкерлерімен кездесіп, жиын өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сала мамандары басқосуда атом энергетикасының елге берер пайдасы мен экономикаға әсерін, электр қуатының тапшылығын жою мәселесін, сондай-ақ елдегі уран қоры мен АЭС салынса оны оңды пайдалану жолдарын да талдап көрсетті.
– АЭС зиян емес пе? Оның қалдықтары қай жерде сақталады? Оның тиімділігі қандай? Қатысушыларды толғандарған жоғарыда айтылған сұрақтарға толық жауап алды, – деді AMANAT партиясы Медеу аудандық филиалының төрағасы Азат Ажиманов
Сондай-ақ саланың сарапшылары жиында дамыған елдердің тәжірибесін Қазақстанға енгізу жайын да сөз етті. Себебі әлемнің 31 мемлекетінде 439 реактор жұмыс істеп тұр. Қондырғылар жаһандағы энергияның 9 пайызын береді. Ал Франциядағы 56 АЭС 2023 жылы елді 70 пайыз электр қуатымен қамтамасыз еткен. Мамандар егер Қазақстанда АЭС салынса, электр энергиясының 10 пайызын осы стансадан алуға болатынын айтты.
– Меніңше, АЭС салынуы керек. Өзім осыдан 12 жыл бұрын жылу электр стансасының құрылысына қатыстым. Сол кезде нысан көмір негізінде жұмыс істейтін болып жоспарланды. 400 келі көмір тұтынатын станса қоршаған ортаны едәуір ластайды. Экологияға зиян екенін ескерсек, дәл сондай қуат беретін 4 келі уран оған қарағанда әлдеқайда таза. Сол себепті болашақта уранның мүмкіндігін пайдалану қажет, – деді қоғамдық кеңестің мүшесі Тимур Нұртаев.
Оқи отырыңыз: Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік Қазақстанды қолдайды