Қордай ауданының әкімдігі 700 миллион теңгені негізсіз жаратпақ болған. Әкімдік бұл ақшаның жетіден бір бөлігіне ел қоныстанбаған жаңа ауданға саябақ салуды жоспарған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қажетсіз болса да 15 ауылдағы сантехникалық люктерді ауыстыруға 67 миллион теңге бөлген. Сонымен қатар, коммуналдық кәсіпорындардың техникасын жаңартамыз деген желеумен 189 миллион теңгені жаратуды жоспарған. Бір қызығы, әкімдік өз құрамына кірмейтін полиция бөліміне де 20 миллион теңгеге автокөлік сатып әпермек болған. Мұндай негізсіз қаржы бөлу дерегін аудан прокурорлары анықтады. Олар бөліске түскен бюджетті мемлекет қазынасына қайтарды.
– Жергілікті атқарушы орган қажетті растайтын құжаттарсыз және негіздемесіз бюджеттің шығыс бөлігіне 700 миллион теңгеден астам қаражатты енгізгені анықталды. Нәтижесінде прокурорлық қадағалау актісі бойынша бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді. Заңбұзушылықтарға жол бергені үшін 6 лауазымды тұлға ескерту және сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – деді Қордай ауданы прокуратурасының прокуроры Мейірлан Садықов.
Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында заңсыз балық аулаған тұрғындар ұсталды