|
17.09.2024 | 18:37
61

Өтемақы төлемеді: Атырау облысындағы қарғын судан зардап шеккен шаруалар шу шығарды

Азаматтардың айтуынша, арнайы комиссия малдың шығынын есептеуді кейінге шегерген

Өтемақы төлемеді: Атырау облысындағы қарғын судан зардап шеккен шаруалар шу шығарды Almaty.tv

Атырау облысында шаруалар шу шығарды. Олар бес ай өтсе де төрт түлікке төленуі тиіс өтемақысын алмаған. «Шығынға әбден баттық» деген көпшілік бүгін аймақ басшысымен кездесуді талап етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ала таңмен ақ үй алдына жиналған шаруалар жарты жылдан бері өтемақысын ала алмай жүр. Көктемгі су тасқыны кезінде олардың төрт түлігі мен егістік алқаптары қызыл су астында қалған. Қазір 45 шаруа қожалықтың шығыны 800 млн теңгеге жеткен. Азаматтардың айтуынша, құрылған арнайы комиссия тек тал-теректерді есептеп, малдың шығынын есептеуді кейінге шегерген.  

– Қора жайдың барлығы құлады. Жылыжайды су басты. Төрт байталым тоғайдың ішінде қалып қойды. Өлі ме, жоқ па білмеймін? Комиссия өскен талдарды санады. Жылыжайды қарады да, қораға бас сұқпады. Осы уақытқа дейін үндемедік. Қыс келіп қалды. Енді не істейміз? Қайда барамыз? – деді шаруа Болат Телеубаев.

– Бірнеше кездесу өткізді. Ешқандай нәтиже жоқ. Өтемақы төленген жоқ. Ештеме сұраған жоқпыз. Әуелде «өтемақы төленеді, ауылдық жерді аман алып қалуымыз керек» деді. Шығынды өтеп берсін, – деді шаруа Ербол Тойлыбаев.

Отыз жылдан бері мал шаруашылығымен айналысқан шаруа Марат Ислямовтың қыстағы мен үйі қызыл су астында қалған. Ал жылқысы мен түйесі әлі табылмады. Азамат енді оның өтеуін кімнен сұрарын білмей дал.

Қырық метр қорам болды, құлап қалды. Үйім суға батты, қазір құлап жатыр. Әлі күнге дейін қыстағыма жете алмай жүрмін, далада жатырмыз. Қыстаққа келуге мүмкіндік жоқ, – деді шаруа Марат Ислямов.

Қазір Махамбет, Жылыой, Индер аудандарындағы  егін және мал шаруашылығы бойынша шығын көлемі – 1 млрд теңгеге. Арнайы құрылған комиссия зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жауаптылар айтуынша, алгоритмге сай, өтемақы беріледі.

– Зардап шеккен шаруаларға арнайы комиссия барып, зерделеуді жүргізіп, тізімді жібереді. Соған сәйкес, жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, шығын өтеледі. Ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан министрлікке хат жазылды, – деді Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Азат Қапанов.

Жергілікті әкімдік өкілінің жауабы – осы. Әзірге шаруалар зерттеу нәтижесін күтуге мәжбүр. Ал екі сағат бойы аймақ басшысының келуін тапжылмай талап еткен шаруаларға Серік Шәпкенов үн қатпады.  

Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы

Оқи отырыңыз: Ақтаудағы оқушылар неге мектепке бармайды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир